Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «China Construction Sixth Engineering Bureau» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде тараптар туризм саласында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Аймақ басшысы Түркістан облысының туристік әлеуетіне және инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, тиімді жобаларға ашық екенін жеткізді.
Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Өткен жылы Түркістан облысына келген шетелдік туристер саны 15 мыңға жеткен. Олардың ішінде ТОП-5 мемлекет қатарында Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан елдері бар. Түркістан қаласында жылына 3 милионнан астам жолаушы тасымалдайтын заманауи талаптарға сай халықаралық әуежай қызмет етеді. Біз тиімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров. Қытай мемлекеттік инженерлік-құрылыс корпорациясы филиалының бас директоры Хань Мяобин компания жұмысын кеңінен таныстырып, туризм саласына қатысты жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. China Construction Sixth Engineering Bureau Co., Ltd. – Қытайдағы ең ірі құрылыс холдингі әрі әлемдегі жетекші мердігер ұйымдардың бірі, сондай-ақ Fortune Global 500 рейтингіне енген компания. 1953 жылы құрылған компания инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асыратын ірі мемлекеттік мердігер. Компания автожолдар, көпірлер, теміржол нысандары, энергетикалық кәсіпорындар, әуежайлар, өнеркәсіптік кешендер және қалалық инфрақұрылым нысандарының құрылысын жүргізеді.
