Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Ашық форматта өткен жиында халық ең алдымен ауыз су, құрылыс мәселесін көтеріп, әкімге шағымданды. Халықтың назын тыңдаған Қала басшысы көтерілген әрбір мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Ашық форматта өткен жиында халық тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Тұрғындар ең алдымен ауыз су тапшылығы мен құрылысқа қатысты түйткілдерді жеткізді. Әсіресе «Суармалы жер» тұрғын алабында 412 үй ауыз су мен суару суының жетіспеушілігін сезініп отыр. Айтуынша, ағаштары мен көкөністерін суара алмай отыр. Бұған дейін жауапты мекемелерге бірнеше рет жүгінгенімен, нақты нәтиже болмағанын алға тартты. Осыған байланысты қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы көктем айларында жауын-шашынның аз түсуіне байланысты су тапшылығы туындағанын растады. Сондай-ақ биыл да су көлемі шектеулі болуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен, өткен жылы су тапшылығына қарамастан ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артқаны атап өтілді.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл іргесінен өтетін су арнасының қоршауы жоқ екенін де көтерді. Олардың айтуынша, каналдағы су ағысы қатты, бұл қауіпсіздікке алаңдаушылық туғызады. Қала әкімі аталған мәселені назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың кезең-кезеңімен шешілетіні айтылды.
Кездесуде көтерілген барлық мәселе бақылауға алынып, жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Қала басшысы тұрғындармен ашық диалог жалғасатынын атап өтті. Қаратау ауданындағы өзекті түйткілдердің шешілу барысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
