aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Саясат Саясат

Тоқаев Үкіметке мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде шұғыл шаралар әзірлеуді тапсырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу және оларды жою бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Тиісті ұсыныстар 24 қарашаға дейін ұсынылуы тиіс.

Мемлекет басшысы заң алдында барлығы бірдей екенін атап өтіп, ешкімнің лауазымына, еңбегіне немесе туыстық байланыстарына қарамастан заң талаптарынан тыс қалмауы керектігін баса айтты.

Сонымен қатар Президент адал кәсіпкерлікке кедергі келтіретін немесе бизнеске қысым жасайтын шектеулер енгізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Керісінше, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнесті тексеруге тағы үш жылдық мораторий енгізу көзделіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев басшылық құрамдағы кейбір тұлғалардың ұсталуына қарамастан, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының жұмысы қалыпты режимде жалғасып жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Бас прокуратура заңсыз иемденілген активтерді қайтару аясында 1,3 триллион теңгеден астам қаражатты мемлекетке қайтарған. Бұл қаражат есебінен 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысы жоспарланған. Бүгінде олардың 383-і пайдалануға берілген.

Алайда Президент салынып жатқан және қолданысқа берілген нысандардың сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Осыған байланысты бұрын салынған объектілердің де сапасын тексеру тапсырылды.

«Осы келеңсіз жағдай көрсеткендей, мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері әлі де ахиллес өкшесі болып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар топтардың «Халықтық құрылыс» жобасының беделіне нұқсан келтіріп, оның жүзеге асуына кедергі жасау жоспары бар екенін мәлімдеді.

«Ал сыбайлас жемқорлық қауымдастығы – біздің жауымыз. Олар қазірдің өзінде “Халықтық құрылыс” жобасының беделін түсіріп, оның жүзеге асуына кедергі келтіруді көздеп отыр. Бұған, әрине, жол бермейміз», – деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы жолдар, әуежайлар, емханалар, мектептер мен спорт кешендерін қоса алғанда, барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сапалы салынуы тиіс екенін айтты.

Бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылау үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылады. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланбақ.

Президент бұл жұмыстың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Телеарна ХанТВ

ТҮРКІСТАННЫҢ ҚАЙТАЛАНБАС КЕЛБЕТІ АЖАРЛАНА ТҮСПЕК

АЭС САЛУ – ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ЖЕТКІЗЕДІ

Телеарна ХанТВ