Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Ашық форматта өткен жиында халық ең өзекті мәселелерді көтерді. Ауыз су тапшылығы, кәріз жүйесі, жол сапасы, жарықтандыру мен қоғамдық көлік – жұртшылықтың басты талабы осы. Тұрғындар нақты сұрақ қойып, нақты жауап күтті.
Аудан тұрғындарының бірі жергілікті емхананың жағдайын көтерді. Айтуынша, бұрын №7 емханада жұмыс істеген бас дәрігер жеке кәсіп ашып, ауыл тұрғындарын өз емханасына тіркеткен. Алайда жаңа нысан тиісті талаптарға сай емес, санитарлық және қызмет көрсету стандарттары толық сақталмайды деген шағым айтылды. Тұрғын әкімнің өзі барып, жағдайға көз жеткізуін және заманауи аурухана салуды сұрады. Қала басшысы бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді. Аталған емханада дәрігер тапшылығы барын растады. Дегенмен, жаңа медициналық нысан салу мүмкіндігі қарастырылмағанын айтып, қызмет көрсету сапасы бақылауда екенін мәлімдеді.
Жиында балалар ойын алаңшаларының күтімі де сөз болды. Тұрғындар кейбір алаңдардың бүлінгенін жеткізді. Әкім өз кезегінде аулалық аумақтар мен алаңдарды күтіп ұстау ісінде тұрғындардың да жауапкершілігі бар екенін атап өтті. Сонымен қатар №100 мектептегі орын тапшылығы көтерілді. 400 орынға лайықталған білім ордасында бүгінде 580-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Қосымша үйірмелерге де орын жетіспейді. Бұл мәселе бойынша әкім жауапты басқармалармен бірлесіп, шешу жолдары қарастырылатынын айтты.
Кездесу барысында өзге де әлеуметтік мәселелер қозғалып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді
