Шымкент қаласында көктемгі әскерге шақыру науқанының басталуына арналған брифинг өтті. Жиында 2025 жылғы мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының қорытындылары шығарылып, 2026 жылғы көктемгі шақырудың негізгі бағыттары мен ерекшеліктері кеңінен таныстырылды.
КСМ: Қорғаныс саласы өкілдерінің айтуынша, әскерге шақыру – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетік. Осыған орай, жыл сайын ұйымдастырылатын науқан заң талаптарына сай жүргізіліп, ашықтық пен әділдік қағидаттарына басымдық беріледі. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.
Ал 2026 жылғы көктемгі шақыру науқаны наурыз-маусым айлары аралығында өтеді. Жоспар бойынша Шымкент қаласынан 1200-ден астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олардың 700-ге жуығы Қарулы күштер қатарына, 150-ге тарта жас ҰҚК Шекара қызметіне, ал қалғандары Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, көктемгі шақыру науқаны толықтай заң аясында, ашық әрі әділ өтеді. Ал әскерге шақырылушылардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы басты назарда болады.
