Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлар мен ауыл шаруашылығы саласын зерттеуші ғалымдармен, профессорлармен кездесті. Кездесуде Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы саласын ғылыми негізде дамыту, су үнемдеу технологиялары мен топырақ құрамын зерттеу мамандарын даярлайтын ғылыми орталық құру, оны дамыта келе университет ашу мәселесі талқыланды.
Бүгінде өңірде ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылуда. Облысты жан-жақты дамыту жұмыстары жүруде. Биыл Түркістанда Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр. ІТ мамандары даярланады. Дегенмен Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы бойынша елімізде бірінші орында тұрғанын айтып өтті Нұралхан Көшеров.
ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ Пекин ауыл шаруашылығы университетінің вице-президенті әрі профессоры Ду Тайшэн Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте жоғары екеніне тоқталды. Осындағы мақта шаруашылығына қатысты инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқан аймақты зерделеп, су үнемдеу технологиясын енгізу жолдарын жандандыру, суды тиімді пайдалану, топырақ құнарын зерттеуге қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Ал арнайы ғылыми орталық пен университет ашу мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселе екеніне тоқталған Ду Тайшэн, бұл ұсыныстар зерделенетінін атап өтті.