aspan

Мемлекет басшысы Құрылтай төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесу барысында Құрылтайдың заң шығару қызметінің негізгі бағыттары, қабылданған заңдардың іске асырылуы, депутаттық бақылауды күшейту және халықпен кері байланысты нығайту мәселелері талқыланды.

Айбек Дәдебай Мемлекет басшысына депутаттардың атқарған жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 18 заң қабылданып, қазіргі таңда тағы 38 заң жобасы қаралуда. Негізгі назар Президенттің Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында және Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған міндеттерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге аударылып отыр.

Атап айтқанда, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау және басқа да әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша бірқатар бастама пысықталуда.

Кездесуде 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылданғаны да айтылды. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Бұдан бөлек, қабылданған заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды күшейту шаралары таныстырылды. Атап айтқанда, заңнаманың орындалу барысына мониторинг жүргізу қағидалары бекітілген. Бұл тетік құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін бағалауға және қабылданған шешімдердің нақты нәтижелерін саралауға мүмкіндік береді.

Құрылтай қызметінде e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары да жалғасуда. Аталған құралдар заң жобаларын талдауға, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтауға бағытталған.

Кездесу барысында Құрылтайдың Қоғамдық қабылдау бөлмесі мен e-Otinish жүйесі арқылы халықпен кері байланысты нығайту перспективалары да сөз болды. Азаматтар көтерген мәселелер заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеріледі. Сессия басталғалы бері өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша депутаттар тарапынан 111 сауал жолданған.

Сонымен қатар сарапшылар қауымдастығымен, қоғамдық ұйымдармен, өңірлермен және халықаралық әріптестермен диалог ауқымы кеңейтілген. Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық жолға қойылған.

Сондай-ақ Женева қаласында өткен Парламентаралық одақ алаңында AI-Quryltai жасанды интеллект платформасы таныстырылған.

Кездесу қорытындысы бойынша Құрылтайдың заң шығару қызметін жетілдіру, қабылданған заңдардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету және азаматтармен ашық диалогты дамыту бағытындағы жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ӘЛЕУЕТІ БАСТЫ НАЗАРДА

Телеарна ХанТВ

ҚАУІПТІ МАНЕВР ЖАСАҒАН «АLPHARD» ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ  ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Телеарна ХанТВ

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын өткізді

Han TV