14.3 C
Shymkent
5 апреля, 2025
aspan

БІЛІМ САПАСЫ ТӨМЕНДЕУІНЕ КІМ КІНӘЛІ?

Шымкентте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Брифинг барысында білім мен мәдениет саласындағы бірқатар мәселелер талқыға түсті. Қала әкімінің орынбасары білімнің шамшырағы, ұрпаққа жол көрсетуші  ұстаздардың дәрежесін түсірудегі мақсаты не?  Бүгінде мегаполистегі білім саласы онсызда   көңіл көншітпейді?  Мұның себебі неде?   Мұғалімдерге шүйліккен  қала әкімінің орынбасары осы салаға тікелей өзі жауапты бола тұра ұстаздарды жерге  ұруының себебі неде?

 

 

 

 

 

 

Түйіні мен түйіткілі шешілмеген мәселе шаш етектен. Оның бірі білім саласы. Мәселен  Қаладағы 70 мектептің, 52-сі аттестациядан өте алмай қалған. Бұған қарапайым ұстаздардың кінәсі не?  Онсызда қағазбастылықтан көз ашпайтын мұғалімдерге қойылып отырған талапта жоғары. Ал аттестациядан өте алмау ол мектептің бірінші басшысының кінәсі дейді. Тіпті осы салаға жауапты қала әкімі білім басқармасы мен әкімдіктің қатысы жоқ деп ат тонын ала қашты.

Қағазбастылық-мұғалімдердің жанын жегідей жеп бітті бүгінде. Күнделік кз платформасы, білімлэнд тағысын тағылар. Мұғалімдердің жарты күні осы платформаларды толтырумен өткізеді.  Қала әкімі сонда мұғалімдерде не талап етіп отыр? Әкімдіктің жиыны болса залды толтыратын мұғалім, сенбілік болса шығатын мұғалім, болар болмас әншілер келсе билетін мәжбүрлеп алғызатын мұғалімдер.  Сонда ұстаз дегеніміз жалпы кім?  Сәрсен Құранбек мұғалімдерді роботпен шатастырып алған ау шамасы? Өз ойларын  ашық айтса, соңына май шам алып түсетін мектеп басшыларының көксегені не?

 

 

 

 

 

 

Қала әкімінің орынбасары  Сәрсен Абайұлы  мұғалімдерге мұнша шүйлігуіне қарағанда, ұстаз  мәртебесін түсіріп  келеке етудің астарында бір гәп жатқан сыңайлы. Ұстаз ол тек балаға сапалы біліммен саналы тәрбие берумен ғана дараланады. Ал бар кінәні мұғалімдерге аудара  салу  нені меңзегені?

Білім саласын бақылау департаменті 2023 жылы мониторинг жүргізіп, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде құрылтайшылардың құжаттары дұрыс рәсімделмеуі, тәрбие және  білім сапасының төмендігі, оқу-материалдық  базасының талапқа сәйкес болмауы анықталған. Осы мәселелерді назарға ала отырып, кемшіліктер тізбесі түзіліп,  оқу-ағарту министрлігіне жолданған.

Қала әкімінің орынбасары 20-36 жыл еңбек өтілі бар ұстаздарға уәжін айта отырып, сынның астына алды. Білімі саяз, біліктілігі төмен , сағаттарын алып қою керек дейді. Сонда  Сәрсен Құранбек ұстаздарды мұнша қаралайтындай өзі кімнен білім алыпты? Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға демекші ұстаздарға қанша құрмет көрсетсекте жарасымды. Ал бір баспасөз жиынында мұғалімдерді қаралап, жерден алып, жерге салу  Сәрсен Абайұлы кімнің тапсырмасын орындап отыр деген күмәнді сұрақ туындайды екен.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 943 мақсатты мектептердің білім деңгейін көтеру керектігін міндеттеген болатын. Десекте ұстаздардың мәртебесін түсіріңдер деп айтқан жоқ.

Білім мәселесімен қатар, мәдениет саласындағы реформаларда назардан тыс қалмады. Биылғы жылдан бастап 5 музей біріктіріліп «Музейлер бірлестігі» құрылған.  Десекте тарихи мұражайды ақылы негізде жасап, мәдениет басқарма басшысына 25 млн тг kpi қойып берді. Мәдениет саласы тұрғысынан сөз қозғалғанда 95 жылдық тарихы бар  Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрын айналып өтпей қойған жоқ. Маңдайалды театр- әкімшілік тарапынан үлкен сынға ұшырады.  Сондай ақ мәдениет саласында да кемшіліктер шаш етектен. Мәселен қуғын сүргін музейімен пушкин кітапханасын  модернизациялаудан өткізу үшін миллиондаған қаржы бөлінген. Десекте бұл қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін, сыбайластыққа жол берілгенін құзырлы органдар анықтаған.

Қош делік. Білім саласында озық тәжірибелі білікті мамандар тапшы. Сапалы білім беріліп, саналы ұрпақ тәрбиелеу білім саласының басты мақсаты болып отыр. Қала әкімінің орынбасары мұндай тексерістер мен мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасын табатынын айтып бақты.  Айтқанмен не пайда? Жүйелі жұмыстар жүргізілмесе  баяғы жартас сол жартас болып қала беретін сыңайлы.  Тұралап тұрған Білім саласына білікті де білімді басшы, білімге шын жанашыр азамат келмей білімнің деңгейі сол Республикада ең соңғы 20 орнында тұрақтағаны өзгермесе керек.  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Саналы тәрбие, сапалы білім-ел дамуының діңгегі.

Related posts

«КҮМІС ДОМБЫРА» – ЖАС АҚЫНДАРДЫҢ ЖЫР САЙЫСЫ

Телеарна ХанТВ

Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы: азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ІІМ шаралары

Телеарна ХанТВ

ЕЛ БІРЛІГІ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Телеарна ХанТВ