Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, облыс аумағындағы эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуал, азаматтардың өтініштерін қарау және халықпен ашық байланыс мәселелері қаралды.
Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов, ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев, сондай-ақ, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұржан Есенжолов баяндады. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыс аумағында ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жалпы құны 24,9 млрд теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 13 жоба толық аяқталып, 20731 адам сапалы ауыз сумен қамтылды. Аймақ басшысы жиында салаға жауапты орынбасары мен өңірдегі барлық ауыз су нысандарындағы жұмысты қысқа мерзімде толық аяқтап, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды.
