Қарағанды облысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери әуе кемесі жоспарлы оқу-жаттығуды орындау кезінде құлаған. Ұшақ экипажы дер кезінде катапульт жасап үлгерген. Ұшқыштар тірі, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазіргі уақытта олар медицина мамандарының бақылауында. Апат болған аумақ қоршауға алынды, халыққа және инфрақұрылым нысандарына да қауіп жоқ.
Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ұшу қауіпсіздігі департаменті басшысының жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына авиация қызметінің бейінді мамандары енгізілді. Тергеу нәтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.
