aspan

Бас прокуратура мәслихат сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады

28 және 29 қараша күндері кез келген сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы алдағы мәслихат депутаттарының сайлауына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады.

Дауыс беру 29 қарашада өтеді. Кандидаттарды ұсыну кезеңі 27 қазанға дейін жалғасты. Кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталды. Сайлауалды үгіт жұмыстары 28 қараша күні сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. Сайлау қорытындылары 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы тиіс.

Қадағалау органының мәліметінше, 28 қарашада және дауыс беру күні, яғни 29 қарашада кез келген сайлауалды үгітке тыйым салынады. Бұл ретте интернетте жарияланған және сайлау комиссияларының ғимараттары мен дауыс беру үй-жайларынан тыс жерлерге бұрын орналастырылған баспа материалдарын сол орындарда қалдыруға рұқсат етіледі.

Қазақстандықтарға заң талаптарын бұзғаны үшін қандай жаза қарастырылған?

Бұған дейін жарияланған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты беттерінде орналастыруға тыйым салынады. Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді суретке немесе бейнежазбаға түсіріп, оны таратуға болмайды.

Заң талаптары сақталмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда:

  • Жеке тұлғаларға – 64 мың теңге;
  • Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 86 500 теңге;
  • Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 108 мың теңге;
  • Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 151 мың теңге айыппұл салынады.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалардың нәтижелерін, сайлау қорытындыларының болжамдарын және өзге де зерттеулерді дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға жол берілмейді. Сондай-ақ сайлау күні дауыс беру үй-жайында немесе дауыс беру пунктінде сауалнама жүргізуге тыйым салынады», – делінген хабарламада.

Бұл талапты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 43 мың теңге, ал заңды тұлғаларға 108 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС БҰЗЫЛДЫ

Телеарна ХанТВ

ПОЛИЦЕЙЛЕР ЕСІРТКІ САТУМЕН АЙНАЛЫСҚАН КҮДІКТІНІ ҚҰРЫҚТАДЫ

Телеарна ХанТВ

КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫН САЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Телеарна ХанТВ