aspan WEBСӘТ Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Саясат Саясат Түркістан

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КҮЗГІ АҒАШ ЕГУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу науқаны басталды. Осыған орай Түркістан қаласындағы әуежай жолының бойында жаппай көшет отырғызу шарасы ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қолдау көрсетіп, игі бастамаға үлес қосты.

Сонымен бірге ауқымды сенбілікке облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесінің, Ветеринария басқармасының және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметкерлері қатысты. Жалпы іс-шараға 1000-ға жуық адам атсалысты.
Іс-шара барысында өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту және қала көркін арттыру мақсатында 22,5 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде 7500 түп тұт, 6250 түп жиде, 5000 түп өрік пен алша, 3750 түп қарағаш бар. Жалпы әуежай жолының бойына 87,5 мың түп ағаш егу жоспарланған.
Мемлекет басшысының республика бойынша 15 миллион көшет отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында 1,5 миллион түп көшет егу көзделген.
Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі 807 елді мекенді көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта бекітілген аймақтық жоспар аясында елді мекендердің 90 пайызға жуығын жасыл желекпен қамту көзделіп, облыс көлемінде 4 миллионға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Өткен жылы аталған бағытта 1 007 123 түп түрлі ағаш көшеті егілді.
Көгалдандыру жұмыстары биыл да жалғасуда. Биыл облыс көлемінде 1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Оның 332,5 мыңы көктемгі маусымда егілді. Ал күз айларында 700 мыңға жуық көшет отырғызу көзделіп отыр. Қазіргі таңда аудан, қалаларға 195 мың түп көшет босатылды.
Көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, елді мекендердің жасыл желекпен көмкерілуіне және өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

«ЖЫРЛАЙДЫ ЖҮРЕК» АТТЫ БАЙҚАУ ӨТТІ

Телеарна ХанТВ

Түркістан облысы вет қызметі басшысы әріптертеріне бөлінген сыйақы қаражатты өз пайдасына жаратып жіберген

Телеарна ХанТВ

Астанада қазақ тіліндегі ауқымды пікірсайыс турнирі аяқталды

admin