aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Саясат Саясат Түркістан

ТҮРКІСТАНДА ЖАСТАРДЫ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ БАҒЫТТА ТӘРБИЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Түркістан облысында өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, жастардың бойында елге деген құрмет пен жауапкершілікті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Еліміздегі халқы ең көп өңір саналатын Түркістан облысында тұрғындардың 33 пайызы – жастар. Осыған байланысты жастарды патриоттық тәрбиелеу, әскери қызметтің маңызын насихаттау, әскери-техникалық білім мен спортқа баулу мәселелеріне ерекше мән беріліп келеді.
Бүгінде облыста 70 мыңға жуық жас «Жас айбын» әскери-патриоттық клубтарына тіркелген. Сонымен қатар 980-нен астам үйірме жұмыс істейді. Жыл басынан бері әскери-патриоттық бағытта 158 іс-шара ұйымдастырылып, оған 16 774 жас қамтылды. Өңірде «Айбын», «Жас Сарбаз», «Ерлік сабақтары», «Біз жауынгер» атты жарыстар мен әскери-патриоттық жиындар тұрақты өткізіліп келеді. Бұдан бөлек, орта арнаулы және кәсіптік білім беру ұйымдары мен мектептерде «Өзін-өзі басқару», «Жас сарбаз», «Жастар рухы» секілді 700-ге жуық ұйым құрылған. Бұл бастамалар жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, көшбасшылық қабілетін дамытуға, шығармашылық әлеуетін арттыруға, әскери-техникалық білімін жетілдіруге және салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беріп отыр.
Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлық сапасын арттыру мақсатында Түркістан қаласында «Рухы берік ұрпақ – жеңісі биік өңір» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық сана, жалпы мәдениет, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттер, Конституция мен әскери борышқа адалдық, жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыру. Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие беру саласындағы мекемелер арасындағы өзара байланысты нығайтып, жұмысты ортақ мақсат пен нақты міндеттер негізінде үйлестіру мәселелері қаралды.
Жиын аясында Түркістан облысы білім басқармасының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы», Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» және республикалық «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облыстық филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2027 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
Құжат аясында аталған мекемелер әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды бірлесе үйлестіріп, жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеуге, әскери қызметтің беделін арттыруға, әскери-техникалық даярлықты дамытуға және патриоттық іс-шаралардың ауқымын кеңейтуге басымдық береді.
Семинарда жастарды тәрбиелеу мен дамытудағы спорттың рөлі де атап өтілді. Атап айтқанда, «Ұлттық мектеп лигасының» облыстық кезеңіне 17 аудан мен қаладан 3144 оқушы қатысып, олардың 1 224-і жүлдегер атанған. Ал республикалық кезеңде Түркістан облысының командалары 22 кубок иеленіп, оның ішінде 7 алтын, 8 күміс және 7 қола жүлдені жеңіп алған. Осы нәтижелердің арқасында Түркістан облысы республика көлемінде бірінші орынға көтерілді. Бұл өңір мектептерінде бұқаралық спортты дамыту мен жас спортшыларды қолдауға бағытталған жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді.
Жиын барысында әскери-патриоттық тәрбие беру саласында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңнің міндеттері талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, үздік тәжірибелерді тарату, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының мазмұнын жетілдіру және мекемелер арасындағы байланысты күшейту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ әскери-патриоттық бағытта белсенділік танытып, өңір жастарын тәрбиелеуге үлес қосқан үздік жетекшілер мен ұйымдастырушыларға алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.
Іс-шараны қорытындылаған Түркістан облысы білім басқармасының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» директоры А.Егембердиева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауындағы отаншылдық пен жасампаздыққа қатысты міндеттерге тоқталды.
Түркістан облысында әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту алдағы уақытта да негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Басты міндет – елін сүйетін, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, тәртіпті, білімді әрі Отан алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін жас ұрпақ қалыптастыру.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

СПОРТ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ВЕЙПТЕРДІҢ ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМЫНА ҚАТЫСТЫ 32 ДЕРЕК ТІРКЕЛДІ

БӘЙДІБЕК АУДАНЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ САРАЛАНДЫ

Телеарна ХанТВ