Жетісай ауданында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесінде Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Қарой елді мекені көгілдір отынға қосылды.
Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, елді мекеннің әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам.
Тарихи сәтке орай ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Серік Мамытов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес елді мекендерді газдандыру, инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданындағы газдандыру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесінде 105 елді мекеннің 95-і табиғи газдың игілігін көріп отыр. Осылайша, ауданда көгілдір отынға қол жеткізген елді мекендердің үлесі 91 пайызға жеткен.
2027 жылдың соңына дейін қалған елді мекендерді де көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етіп, аудан аумағында газдандыру жұмыстарын толық аяқтау көзделген.
