Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов сумен жабдықтау және су бұру саласындағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірі Aqualia компания өкілдерімен кездесу өткізді Кездесуге сондай-ақ «ТКШ жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Макка Шынгазиева, сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі инженер Хосе Мигель Сантос Гонсалес, сондай-ақ су саласындағы стратегиялық даму және жобалық менеджмент жөніндегі маман Иракли Бабухадиа қатысты.
Тараптар елдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өзара ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Әсіресе, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ ТКШ саласына еуропалық озық технологиялар мен басқару тәжірибесін енгізу мәселелеріне назар аударылды.
Қуандық Қажкенов министрліктің сумен жабдықтау және су бұру саласында жобаларды табысты іске асырып келе жатқан халықаралық компаниялармен серіктестікке дайын екенін атап өтіп, Aqualia компаниясының Қазақстан өңірлерінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын қарастыруға ниетті екенін жеткізді.
Aqualia компаниясы су ресурстарын басқару саласында әлемдегі жетекші компаниялардың бірі болып табылады және 18 елде жобаларды жүзеге асырады. Кездесу барысында компания өкілдері Тбилиси және басқа да қалалардағы сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, энергия үнемдейтін және тұрақты шешімдерді енгізу нәтижелерін таныстырды.


