Шымкентте тағы бір қызыл сызыққа түскен ғимарат сүрілді. Ғимараттың бұзылуы қаланың инфрақұрылымын жаңарту және құрылыс талаптарына сәйкестіктін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді. Осы жұмыстар қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Екі қабатты ғимарат Абай ауданы, Ынтымақ шағын ауданы, Аққамшы көшесі, 56 мекен-жайында орналасқан.Ғимараттың меншік иесімен алдын ала арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жағдайдың мән-жайы түсіндірілген.Қала әкімдігі мен кәсіпкер ортақ келісімге келіп, сүрілу жұмыстары басталып,апта соңына дейін жалғаспақ. Ғимараттың орналасқан жері – мектепке жақын болғандықтан, бұл мәселе әсіресе өзекті болған. Ескі нысан оқушылар мен жақын маңдағы тұрғындардың өміріне қауіп төндірген.
Қала әкімдігі ғимаратты сүргеннен кейін кәсіпкерге қаржылай өтемақы немесе көмек көрсетілмейтінін мәлімдеді. Сүрілген ғимараттың орнына жаңа құрылыс салынбайды. Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұл аумақ бос күйінде қалмақ. Ескі ғимараттың дәл мектеп алдында орналасуы және ұзақ уақыт бойы қараусыз қалуы оның бұзылуының негізгі себебі болған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша соттың шешімімен 4 құрылыс нысаны бұзылған. Ал, 2025 жылы 8 құрылыс нысандарын бұзу туралы сот шешімі қабылданған, ол бойынша сот шешімдерінің орындалуы сот орындаушылардың қарауында.