Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көлік жуу орындарының ауыз суды қалай пайдаланатынына бақылау күшейтілетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, енді ауыз суды көлік жуу сияқты техникалық мақсаттарға пайдаланатын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер суды қайта айналдырып, бірнеше рет пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы жүйелер орнатуы тиіс.
«Осыған байланысты министрлік бассейндік су инспекцияларымен және сумен жабдықтау ұйымдарымен бірлесіп, су заңнамасының талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар еліміздегі барлық көлік жуу орындары туралы мәліметтер нақтыланып, суды қайта пайдалану технологияларын енгізу жұмыстары кеңейтілуде», – деді Жандос Сәлімов.
Вице-министрдің сөзінше, алдағы уақытта мұндай кәсіпорындарға бақылауды күшейту және олардың жауапкершілігін арттыру үшін заңнамаға қосымша өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
