aspan

МАҚТА, ЖҮГЕРІ ЖӘНЕ МАҚСАРЫ АЛҚАПТАРЫ ҰЛҒАЙТЫЛДЫ

Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға артып, 919 мың гектарға жеткізілмек. Оның 536 мың гектары жаздық дақылдарға, 208 мың гектары күздік егіске, 175 мың гектары ескі жоңышқаға тиесілі. Көктемгі дала жұмыстарының барысы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін облыс бойынша 203,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Тыңайтқыш жеткізу мақсатында отандық өндірушілермен келісім жасалды. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы қоймаларда 25 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы. Минералды тыңайтқыштардың қолжетімділігін арттыру үшін облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге қаралып, 134 мың тонна тыңайтқышты субсидиялау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Аванстық субсидиялау тетігі бойынша өтінім қабылдау басталды.Өңір басшысы жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне дала жұмыстарын сапалы үйлестіруді тапсырып, мәселелер бақылауда екенін айтты.

Облыста көктемгі дала жұмыстарына 37,4 мың бірлік техника дайын. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 16 мың трактор, 3 мың соқа, 1 мың қопсытқыш, 4 мың дәнсепкіш және 14 мың тырма бар. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде өткен жылы 1 872  техника сатып алынып, жаңарту үлесі 9,2 пайызға жетті. Биыл 2029 техника сатып алу жоспарлануда. Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев өңірдегі дайындық деңгейі мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету үшін 3,8 млрд текше метр лимит бекітілді. Облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды, қазіргі таңда оның 6,5 млрд текше метрі немесе 76 пайызы толған. Вегетациялық маусым басталғанға дейін су көлемін толық жинақтауға мүмкіндік бар. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша республикалық жоспар 27 мың гектарды құраса, облыс мүмкіндігін ескере отырып бұл көрсеткішті 50 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде. Жалпы алғанда, өңірде көктемгі дала жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып, қажетті жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, қаржыландыру және техникамен қамтамасыз ету шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Құқық қорғау орталығының өкілдері студенттерге Омбудсмен институты қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді

Телеарна ХанТВ

Қазақстан гендерлік теңдік жолында: мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардың 39%-ын әйелдер атқарады

Телеарна ХанТВ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МИХАИЛ ШАЙДОРОВТЫ МАРАПАТТАДЫ

Редактор HAN TV