Шымкент қалалық мемлекеттік архиві ғимаратында даңқты спортшы, Юсупова Алия Махсутқызының спорттық жолына қатысты құжаттар мен марапаттары көрмеге қойылады.Онда арудың еңбек жолын айқындайтын мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер, дипломдар мен марапаттарының көшірмелері көпшілік назарына ұсынылмақ. Бұл көрме келушілерге чемпионның жетістікке жету жолын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді.Сондай-ақ студент жастармен кездескен чемпион ару өзінің жетістікке жету жолы, халықаралық жарыстардағы тәжірибесі және кәсіби спорттың қыр-сыры туралы кеңінен ақпарат берді.Ол табандылық пен үздіксіз еңбектің кез келген биік белесті бағындыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесуге келген көпшілік спортшы аруды әсем ән мен гүл шоқтарымен қарсы алды. Содан кейін ғимарат басшысы архивтің жұмысымен таныстырып қойылған құжат иелерінің еңбектерін атап өтті. Алдағы уақытта көрмеге даңқты спортшының марапаттары мен маңызды жетістіктері қойылмақ, бұл жас ұрпаққа үлгі мен шабыт болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – жастарға табандылық, еңбекқорлық пен патриоттық сезімді сіңіру, арманына адал болып, биік мақсаттарға ұмтылуға жігер беру.
Кездесу барысында спортшы ару туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.Экранда Алия Юсупованың спорттағы алғашқы қадамдары, халықаралық жарыстардағы жеңістері мен Олимпиададағы естелік сәттері көрініс тапты. Сөз алған Алия Юсупова өз алғысын білдіріп, кездесудің жылы шырайы мен студент жастардың ықыласы оған ерекше қуаныш сыйлағанын айтты.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған «Әлем мойындаған қазақ қызы» атты іс-шара аясында студенттер еркін форматта өткен кездесуге куә болды. Бұл кездесу жастарға тек спорттық жетістіктерді ғана емес, өмірлік табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетуге арналды. Мұндай іс-шаралар қазақ қыздарының әлемдік аренадағы жетістіктерін танытып қана қоймай, болашақ ұрпаққа үлгі ретінде қызмет етеді.Айта кетейік бүгінде Шымкент қалалық мемлекеттік архиві ғимаратында өнер, білім, спорт салаларында үлкен жетістікке жеткен, өмірі көпке үлгі болатын тұлғалардың құжаттары сақтаулы.
