Шымкент қаласының Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мегаполистегі жоғары оқу орындарының бірінің студенттерін алғау схемасының жолын кесті.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың қазан айынан бастап екі күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы шымкенттік жоғары оқу орнының студенттерінің парақшаларын анықтап, арнайы боттардың көмегімен олардың ұялы телефон нөмірлері мен жеке деректерін жинаған.
Әрі қарай күдіктілер оқу орнының портал жүйесі арқылы студенттердің мәліметтерін енгізіп, үлгерім көрсеткіштерін тексерген. Кейбір білім алушылардың сынақтар бойынша балдары жеткіліксіз екенін біліп, қылмыстық әрекетке көшкен.
Уақытша нөмірмен мессенджер арқылы студенттерге хабарласып, өздерін университет қызметкерлері ретінде таныстырған. Сынақтан өту үшін бір балл жетіспейтінін, соның салдарынан академиялық қарыз немесе емтиханға жіберілмеу қаупі бар екенін айтқан. Сонымен қатар «мәселені шешіп беруді» және бағаларын толық «түзетуді» ұсынған.
Бұл жалған қызметтері үшін олар әр студенттен 70–80 мың теңге аралығында ақша талап еткен. Қазіргі таңда күдіктілердің алты эпизодқа қатысы бар екені анықталды.
Тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция ескертеді: интернет-алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы түрлі ұйымдардың, мекемелердің немесе қызметтердің атынан хабарласып, «шұғыл мәселе» бар екенін айтып, азаматтарды әдейі қорқытып, ақша аударуға көндіреді.
Күмәнді хабарламаларға сенбеңіздер, жеке деректеріңізді, растау кодтарын бөгде адамдарға бермеңіздер және бейтаныс тұлғалардың шоттарына ақша аудармаңыздар. Кез келген күдік туындаған жағдайда байланысты дереу үзіп, құқық қорғау органдарына жүгініңіздер.
