Шымкентте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау нәтижесінде белгіленген талаптарға сай келмейтін 97 өнім үлгісі анықталды. Ескертулер азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға қатысты. Кемшіліктердің басым бөлігі өнімдердің қаптамасындағы міндетті ақпараттың болмауымен байланысты. Алайда кейбір тағам өнімдерінен зертханалық тексеру барысында қауіпсіздік пен сапа көрсеткіштеріне қатысты ауытқулар да анықталған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы талаптарға сәйкес келмейтін өнімдердің жаңартылған тізімін жариялады. Жалпыұлттық тізілімге азық-түлік, косметика, киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық химия, балалар ойыншықтары және басқа да тұтыну тауарларын қамтитын 4 343 өнім енгізілген.
Оның 97-сі Шымкент қаласына тиесілі.
Қандай азық-түлік өнімдерінен кемшіліктер анықталды?
Қала бойынша талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер тізіміне бірнеше азық-түлік түрі енген. Атап айтқанда, «KIDS ROZMETOV» шұжықтарынан микробиологиялық көрсеткіштің рұқсат етілген деңгейден асып кеткені анықталды.
ELIT құрмасының зерттелген үлгілерінен ішек таяқшалары тобына жататын бактериялар табылған. Сонымен қатар өнімнің қаптамасында қазақ және орыс тілдеріндегі ақпарат толық көрсетілмеген.
Сүт және май өнімдеріне қатысты да ескертулер болған. «Петропавловское» маркалы майлылығы 6 пайыз ультрапастерленген сүттің май қышқылдық құрамы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Ал «Щедрое лето» маркалы сары май дәмі бар маргарин органолептикалық көрсеткіштер бойынша талаптан ауытқыған.
Аталған сәйкессіздіктер 2026 жылдың ақпан және наурыз айларында жүргізілген зертханалық зерттеулер нәтижесінде анықталған.
Қандай тауарлардың қаптамасында ақпарат жеткіліксіз болды?
Шымкент бойынша жарияланған тізімде ең жиі кездескен мәселе – өнімдерді таңбалау талаптарының сақталмауы. Мұндай кемшіліктер 97 позицияның 94-інен тіркелген.
Тізімге танымал сауда белгілерінің жекелеген өнім үлгілері де енгізілген. Олардың қатарында «Доширак» және Samyang Cheese тез дайындалатын кеспесі, паприка дәмі бар Pringles чипсылары, «Золотая семечка» күнбағыс майы, «Гринко» тауық жұмыртқалары, HAZELLA DUO шоколад пастасы және басқа да тауарлар бар.
Сондай-ақ тізімнен ерте жастағы балаларға арналған Gipopo Natura жеміс езбесін де кездестіруге болады. Зерттелген өнім үлгісінің қаптамасында мемлекеттік тілдегі таңбалау болмаған.
Осылайша, тіркелген ескертулердің едәуір бөлігі зертханалық зерттеулер арқылы анықталған қауіпсіздік көрсеткіштеріне емес, тұтынушыларға ұсынылуы тиіс ақпаратты рәсімдеу талаптарының бұзылуына байланысты болған.
Ойыншықтар, киім-кешек және мектеп тауарлары да тексерілді
Кемшіліктер азық-түлік өнімдерімен ғана шектелмеген. Жарияланған тізімге балалар ойыншықтары, мектеп сөмкелері, киім-кешек, балаларға арналған боямақтар, тағам сақтауға арналған контейнерлер, алюминий фольга және күнделікті тұрмыста қолданылатын басқа да тауарлар енгізілген.
Тексеру барысында өнімнің шығарылған күні туралы мәліметтердің болмауы, қазақ және орыс тілдеріндегі ақпараттың толық берілмеуі, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ нарығында өнім айналымына рұқсат беретін бірыңғай белгісінің болмауы сияқты заңбұзушылықтар анықталған.
Мұндай талаптар тұтынушылардың тауар туралы қажетті ақпарат алуына, оның шығарылған жері мен техникалық регламенттерге сәйкестігін білуіне мүмкіндік береді.
Тауар сатып алғанда нені ескеру қажет?
Мамандар тұтынушыларға өнімді сатып алар алдында оның қаптамасын мұқият тексеруге кеңес береді. Ең алдымен, жарамдылық мерзіміне, құрамына, өндіруші туралы мәліметтерге, шығарылған күніне және мемлекеттік тілдегі ақпараттың болуына назар аудару қажет.
Сонымен қатар қаптаманың бүтіндігін және өнімнің сақтау шарттарының сақталуын тексерген жөн.
Айта кету керек, белгілі бір тауардың тізілімге енгізілуі сол сауда белгісінің барлық өнімі сапасыз немесе қауіпті дегенді білдірмейді. Тексеру нәтижелері тек мамандар іріктеп алып, зертханалық зерттеуден өткізген нақты өнім үлгілеріне қатысты.
Сондай-ақ міндетті таңбалаудың болмауы мен қауіпті микроорганизмдердің анықталуы – бұзушылықтардың екі түрлі санаты. Сондықтан өнімнің тізімге енгізілуі оның тұтынушылардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін әрдайым білдірмейді.
Мұндай тізімдердің жариялануы санитариялық бақылау нәтижелері туралы халықты хабардар етуге және тұтынушылардың тауар таңдауда мұқият болуына мүмкіндік береді.
