aspan

Алматыда Санжар Бокаевқа сот үкімі шықты

Санжар Бокаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім 27 қарашада Алматы қаласында жарияланды.

Оқиғаға қатысты не белгілі?

Санжар Бокаевқа қатысты қылмыстық істі Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қарады. Сот алдында үш адам жауап берді:

  • Санжар Бокаев;
  • оның жиені Мадияр Калменов;
  • видеограф Ұлан Нүсіпқожа.

Қылмыстық іс 42 миллион теңгеден астам қаражатты жымқыру, гранит тақталарды ұрлау, ағаштарды заңсыз кесу және Алматы қаласын абаттандыруға қатысты бейнероликтер жариялау деректерімен байланысты.

Сотталушылар қандай жаза алды?

Сот Санжар Бокаевты бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық бойынша кінәлі деп таныды:

  • ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін – 8 жылға бас бостандығынан айыру;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруы дерегі бойынша. Алайда бұл бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтуіне байланысты Бокаев жауаптылықтан босатылды;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі және 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлықты ұйымдастырғаны үшін – 4 жылға бас бостандығынан айыру;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі және 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуін, жоюын немесе зақымдауын ұйымдастырғаны үшін – 4 жылға бас бостандығынан айыру;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары бойынша, онлайн-платформаларды пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының көрінеу жалған ақпарат таратуы үшін – 3 жылға бас бостандығынан айыру.

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сот оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар Бокаевқа 10 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация саласы және онлайн-платформаларда қызмет атқаруға, сондай-ақ сұхбат беруге тыйым салынды.

Бұған дейін прокурор Санжар Бокаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Бокаевтың жиені Мадияр Калменов те сот үкімімен кінәлі деп танылды.

  • ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін – 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру дерегі бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтуіне байланысты жауаптылықтан босату.

Сот оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ал мобилограф Ұлан Нүсіпқожаға қатысты сот мынадай шешім шығарды:

  • ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі және 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының ұрлық жасауын ұйымдастырғаны үшін – 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі және 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуді, жоюды немесе зақымдауды ұйымдастырғаны үшін – 2 жылға бас бостандығын шектеу;
  • ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары бойынша, онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін – 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу.

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот Ұлан Нүсіпқожаға бес жыл бойы медиа және құқық қорғау қызметімен айналысуға, бұқаралық іс-шараларға қатысуға және сұхбат беруге тыйым салды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сот үкімінде қандай мән-жайлар көрсетілген?

Алматы қаласы сотының мәліметінше, 2018 жылы Санжар Бокаев «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі қызметін атқарып жүрген кезде халықаралық автожарысты ұйымдастыруға арналған жалпы сомасы 86,9 миллион теңгені құрайтын екі келісімшарттың жасалуына ықпал еткен.

«47,9 миллион теңге сомасына жасалған келісімшарттардың бірі басшысы Бокаевтың жиені Мадияр Калменов болған “В.” ЖШС-мен жасалған. Алайда автожарысты іс жүзінде ұйымдастыру жұмыстарын “W.” ЖШС жүргізген. Қызмет құнын негізсіз көтеру және іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін қаражат аудару нәтижесінде 42,2 миллион теңге жымқырылған», – деп хабарлады сот.

Сот анықтағандай, ұрланған қаражаттың бір бөлігі жабдық сатып алуға, ғимараттарды жалға алуға және A. брендімен жиһаз өндірісін іске қосуға жұмсалған. Сот деректеріне сәйкес, жиһаз сатудан түскен табыс шамамен 9,7 миллион теңгені құраған.

Істегі тағы бір эпизод гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастыруға қатысты болды.

«2025 жылдың қыркүйегінде Санжар Бокаев пен Ұлан Нүсіпқожа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан нысаннан құны 1,3 миллион теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған. Олар тартқан адамдар ақшалай сыйақы үшін тақталарды құлпытас жасайтын шеберханаға жеткізген. Кейін Бокаев Instagram желісінде болған оқиғаның видеосын жариялап, оны өзі анықтаған ұрлық дерегі ретінде көрсеткен», – делінген сот хабарламасында.

Бұдан бөлек, сот Баума тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесу дерегіне қатысты да бірқатар мән-жайды анықтады.

«2025 жылдың қазанында Бокаев пен Нүсіпқожа тоғайдағы 16 ағашты заңсыз кесуді және зақымдауды ұйымдастырған. Олардың жасы 21 жылдан 150 жылға дейін болған. Келтірілген залал 213 мың теңгені құрады. Бокаевтың нұсқауымен ағаштарды кесу жұмыстары ұйымдастырылып, орындаушы Х.-ға ақшалай қаражат берілген. Ағаштар кесілгеннен кейін Бокаев пен Нүсіпқожа оқиға орнына келіп, бейнетүсірілім жүргізген. Кейін олар құрылыс компаниясының қызметі мен аумақты тұрғын үй құрылысына дайындау жұмыстарымен байланыстырылған материалды жариялаған», – деп хабарлады сот.

Алматыдағы бюджет қаражаты туралы видеолар да қаралды

Сот отырысында Бокаев пен Нүсіпқожа жариялаған Алматыдағы бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты бейнематериалдар да зерттелді.

Солардың бірінде екі жерасты жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге шамамен бір миллиард теңге бөлінгені айтылған.

Алайда сот мәліметінше, конкурстық құжаттамада екі емес, он нысанды күрделі жөндеу қарастырылған.

Тағы бір жарияланымда «Атакент» көрме кешені аумағын кешенді қайта жаңғыртуға бөлінген 10 миллиард теңгеден астам қаражат тек көшелерді жарықтандыруға жұмсалғандай көрсетілген.

Шын мәнінде, жоба аясында субұрқақ кешендерін, инженерлік құрылыстарды салу, суару жүйелерін орнату, аумақты көгалдандыру, жабындарды жаңарту және басқа да жұмыстар қарастырылған.

«Жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні бейнематериалдарды конкурстық және жобалық құжаттамамен, мемлекеттік сатып алу порталының деректерімен, куәгерлердің айғақтарымен және сарапшылардың қорытындыларымен салыстыру арқылы анықталды», – делінген сот хабарламасында.

Сот өкілдері Бокаевтың мемлекеттік органдарда жұмыс істеген тәжірибесі болғанын және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен хабардар болғанын да атап өтті.

Бұдан бөлек, соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, оның ұялы телефонынан конкурстық құжаттамаға қатысты хат алмасулар табылған. Онда нысандардың саны мен жоспарланған жұмыстар туралы мәліметтер болған.

Бокаев пен оның жиені қанша қаражат төлеуі тиіс?

Сот Санжар Бокаев пен Мадияр Калменовтен «ҚазТрансГаз» АҚ пайдасына ортақ тәртіппен 42 177 137 теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Сонымен қатар сот екі жеке қаулы қабылдады.

Бірінші қаулы қорғау тарапының адвокаттарының әрекеттеріне қатысты болды. Сот Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасына олардың тәртіптік жауапкершілігі мәселесін қарауды ұсынды.

Екінші қаулы «QazaqGaz» ұлттық компаниясына жолданды. Онда сот кәсіподақ қаражатының жұмсалуына бақылаудың жеткіліксіз болғанын атап өтті.

Айта кетейік, Санжар Бокаев пен Мадияр Калменов өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Олардың адвокаттары соттан ақтау үкімін шығаруды сұрады. Ал Ұлан Нүсіпқожа өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді.

Еске салайық, Санжар Бокаев 2026 жылғы 18 наурызда Алматы қаласында ұсталған болатын. Сол кезде Бас прокуратура оны ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлады деген күдікке ілінгенін хабарлаған еді.

Кейін оған тағылған айыптардың қатары кеңейтіліп, сот Бокаевты қамауға алу туралы санкция берген.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу туралы заңның талаптары түсіндірілді

Телеарна ХанТВ

Приведет ли рост ставки НДС к значительному росту цен?

Телеарна ХанТВ

ҰЛТТЫҚ ҰЛАНДА 6 ТІЛ БІЛЕТІН САРБАЗ ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮР

Телеарна ХанТВ