Шымкент қаласындағы 17 сауда базарында 6 889 жеке кәсіпкер мен 36 заңды тұлға жұмыс істейді. 2026 жылдың алғашқы он айында аталған кәсіпкерлерден бюджетке түскен салық көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанкулов мәлімдеді.
Қазіргі таңда қалада «Шымкент-Тұлпар», «Авто-Нұр», «Орталық Қырғы базар», «Айна», «Самал», «Алаш», «Барыс», «Жабық базар», «Жаңа Шаһар базары», «Жібек жолы», «Жұманов» автокөлік базары, «Сандыбаев» мал базары, «Акбар», «Назым апа», «Пионер», «Береке» және «Нұр Сайрам» сауда орындары жұмыс істейді.
Салық түсімдері айтарлықтай өскен
Базарларда сауда жасайтын кәсіпкерлер төлейтін салықтың басым бөлігі жеке кәсіпкерлердің үлесіне тиесілі. Биыл олардың бюджетке аударған төлемдері өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан.
Сапарбек Ешанкуловтың айтуынша, 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында Шымкент базарларында сауда жасайтын жеке кәсіпкерлерден бюджетке 5,9 млрд теңге салық түскен. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 2,6 млрд теңгені құраған. Осылайша, салық түсімдері 3,3 млрд теңгеге көбейген.
Заңды тұлғалардың салық төлемдерінде де оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өткен жылдың алғашқы он айында олар бюджетке 64 млн теңге аударса, биыл бұл көрсеткіш 168 млн теңгеге жеткен. Өсім көлемі – 104 млн теңге.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қала базарларында кәсіпкерлер арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты – көлеңкелі айналымды азайту, салық сауаттылығын арттыру және бюджет алдындағы міндеттемелердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету.
177 кәсіпкерде кассалық аппарат болмаған
Салық заңнамасының талаптары сауда орындарында жүргізілетін рейдтік іс-шаралар арқылы да бақыланады.
«Рейдтік іс-шаралар барысында 177 жеке кәсіпкерде бақылау-кассалық машинасының жоқ екені анықталды. Кассалық аппараттарды қолданбағаны үшін оларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шаралар қабылданды. Кәсіпкерлерге ескерту жасалды», – деді Сапарбек Ешанкулов.
Тексерулермен қатар, мемлекеттік кірістер органдарының мамандары саудагерлерге кәсіпкерлік қызметті заң талаптарына сәйкес жүргізу тәртібін түсіндіреді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік қызметті тіркеу, салық есептілігін белгіленген мерзімде тапсыру және алынған табысты толық көрсету қажеттігі ескертіледі.
Сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда кассалық аппараттарды қолдану, сатып алушыларға фискалдық чектер беру, банк карталары және өзге де қолма-қол ақшасыз төлем тәсілдері арқылы есеп айырысу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылып отыр.
Кәсіпкерлер декларацияда 6,3 млрд теңге табысын көрсеткен
Департаменттің жұмысы кассалық тәртіпті бақылаумен ғана шектелмейді. Мамандар салық есептілігінің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлермен қосымша жұмыстар жүргізген.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес 1 378 жеке кәсіпкерге қатысты қосымша тыңдаулар өткізілген.
«Қосымша тыңдаулардың нәтижесінде кәсіпкерлер салық декларацияларын қайта ұсынып, онда жалпы сомасы 6,3 млрд теңге болатын кірісті көрсетті. Декларацияда көрсетілген табыс бойынша 188 млн теңге мөлшерінде жеке табыс салығы есептелді», – деп түсіндірді департамент басшысының орынбасары.
Ведомство өкілдерінің бағалауынша, қала базарларын жаңғырту кәсіпкерлер табысын заңдастыруға, салық тәртібін нығайтуға және салық базасын кеңейтуге ықпал етеді. Ал табысты қосымша декларациялау саудагерлердің салық міндеттемелерін нақтылауға және бюджетке түсетін түсімді арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстандағы бөлшек сауда көлемі 20 трлн теңгеден асқаны хабарланған болатын. Ал көтерме сауданың өңірлік құрылымында Шымкент қаласы 6,3 пайыздық үлеспен төртінші орынға тұрақтаған.
