aspan Ақпарат Бизнес Жаңалықтар Қоғам Саясат Саясат Шымкент

Шымкенттің 2045 жылға дейінгі бас жоспары өзгереді: қызыл сызыққа түскен үйлер тұрғындарды алаңдатып отыр

Шымкент қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Қоғамдық тыңдауда мегаполисті 2045 жылға дейін дамытуға бағытталған ұсыныстар таныстырылды. Алайда жобадағы кейбір шешімдер қала тұрғындарының алаңдаушылығын туғызды. Әсіресе, қызыл сызықтардың аумағына кіріп кеткен жеке тұрғын үйлер мен жер телімдеріне қатысты сұрақ көп болды.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан тұрғындар 2023 жылы қолданыстағы бас жоспар бекітілгеннен кейін туындаған мәселелерді ортаға салды.

Тұрғындардың бірі 2022 жылы Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ тұрғын алабынан жер телімін сатып алып, үй салуды жоспарлағанын айтты. Алайда кейін бұл аумақтың қызыл сызықтың шекарасына кіріп кеткені анықталған.

Тағы бірқатар тұрғын Тәжібаев көшесіндегі жылжымайтын мүлікке қатысты мәселе көтерді. Олардың айтуынша, көшенің екі жағындағы үйлер жол инфрақұрылымын дамытуға арналған аумаққа енгізілген. Соның салдарынан тұрғындар баспанасын сатуда және тиісті құжаттарды рәсімдеуде қиындықтарға тап болып отыр.

Жобаны әзірлеушілердің өкілдері 2023 жылы бекітілген бас жоспардан бірқатар қателік пен олқылық анықталғанын, қазіргі түзетулер сол кемшіліктерді жоюға бағытталғанын түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, жаңартылған бас жоспар ресми түрде бекітілгенге дейін жер учаскелері мен жолдарды қазіргі пайдалану тәртібі өзгермейді. Ал нақты нысандарға қатысты ресми түсіндірмелер жаңа бас жоспар қабылданғаннан кейін беріледі.

«Шымкентбасжоспар» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Арқабаев бас жоспарға түзету енгізу қажеттілігі қаланың қарқынды дамуы мен инфрақұрылымға деген сұраныстың өзгеруіне байланысты туындағанын айтты.

Атап айтқанда, әуежай аумағын дамыту, қосымша кірме жолдар салу, өнеркәсіп нысандарын орналастыру және көлік желісін жетілдіру көзделіп отыр.

Сонымен қатар бұрынғы құжатта толық қамтылмаған сейсмикалық қауіпті аумақтардың шекараларын нақтылау жоспарланған. Бұдан бөлек, кейбір көшелердің қызыл сызықтары мен жобалық ені қайта қаралмақ.

Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылады. 2045 жылға дейін халық санының өсу болжамын ескере отырып, қалада қосымша су көздерін қарастыру, кәріз жүйесін кеңейту және жаңа коммуналдық желілер салу жоспарланып отыр.

«Градо» жобалау фирмасы» ЖШС өкілі Махабат Нұрахметованың айтуынша, Шымкент негізінен солтүстік, оңтүстік-батыс, батыс және шығыс бағыттарда дамиды.

Қаланың солтүстік бөлігінде көпқабатты тұрғын үйлер салу және индустриялық аймақты одан әрі кеңейту көзделген.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың бірі болмақ. Атап айтқанда, білім беру нысандарының санын арттыру жоспарланып отыр.

«Бүгінде Шымкентте 301 мектеп бар. Халық санының өсуі мен қаланың 2045 жылға дейінгі даму қарқынын ескере отырып, қосымша 225 мектеп пен 430 балабақша салу жоспарланып отыр», – деді Махабат Нұрахметова.

Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер әзірге талқылау кезеңінде. Қала тұрғындары бас жоспардың жобасымен танысып, өз ұсыныстары мен ескертулерін жолдай алады.

Шымкенттің бас жоспарының жобасымен қайдан танысуға болады?

Қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы Арғынбеков көшесі, 313-үй, 5-қабатта орналасқан.

Жобаға қатысты ұсыныстар мен ескертулерді төмендегі байланыс арналары арқылы жіберуге болады:

  • Электронды пошта: shymkent.saulet@gmail.com
  • WhatsApp: +7 778 475 18 37

Шымкент қаласының бас жоспарына қатысты түпкілікті шешімдер жобаны қарау және бекіту бойынша белгіленген рәсімдер аяқталғаннан кейін қабылданады.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Полиция мал ұрлығының 3 фактісіне қатысы бар мал ұрлаушылар тобын ұстады

admin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖАҚСАРА ТҮСТІ

admin

Қазақстанда қолма-қол ақша қайтадан танымал болды

admin