Шымкент қаласында қыз-келіншектердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға арналған «Қыз тағдыры – ел тағдыры» атты кең ауқымды форум ұйымдастырылды. Іс-шараны Полиция департаменті өткізіп, оған 1000-нан астам адам қатысты.
Форумға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Полиция департаменті бастығының орынбасары Еркебұлан Ережепов, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласының мамандары, теологтар мен қоғам белсенділері қатысты.
Іс-шара барысында сталкингтің қоғамға тигізетін зияны, оның психологиялық және құқықтық салдары кеңінен талқыланды. Мамандар мұндай әрекеттердің жеке адамның өміріне және қауіпсіздігіне қол сұғу екенін атап өтті. Сонымен қатар қыз алып қашу мәселесіне ерекше назар аударылып, бұл әрекеттің «дәстүр» емес, қылмыс екені нақты айтылды.
Спикерлер сталкинг пен қыз алып қашуға жол жоқ екенін, мұндай құқық бұзушылықтар үшін заң аясында қатаң жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.
Форумның басты мақсаты – қоғамда қыз-келіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, құқықтық сауаттылықты арттыру мен қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталмақ.
