Шымкент қаласындағы дәмханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, соңы әйелге күш қолданумен аяқталды. Оқиға салдарынан жәбірленуші беті мен қолынан жарақат алған.
Оқиға 25 қараша күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, дәмханадағы келушілер арасында түсініспеушілік туындап, арты жанжалға ұласқан. Сол кезде ер адам әйелге қарай шыны стақан лақтырған. Салдарынан әйелдің беті мен қолы жарақаттанған.
Аталған дерек бойынша Шымкент қаласының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.
