Шымкент қаласына су саласында тәжірибе алмасу мақсатымен арнайы делегация келді. Алматы қаласының «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өкілдері Шымкенттегі «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС келіп, әріптестерімен тәжірибе алмасу бағытында кездесу өткізді. Сапар «Энергетика және коммуналдық секторларды модернизациялау» ұлттық жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – су шаруашылығын басқарудағы тиімді тәсілдерді зерделеу және озық тәжірибелермен алмасу.
Алматыдан арнайы тәжірибе алмасуға келген су саласының мамандарын алдымен «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС директоры Орман Анарбек қарсы алды. Тараптар өзара ілтипат білдіріп, естелік сый-сияпаттар табыстады.Кездесу барысында серіктестік басшысы мекеменің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Сондай-ақ мұндай тәжірибе алмасу кездесулерінің сала үшін маңыздылығын атап өтті.
Тәжірибе алмасу аясында делегация серіктестіктің жұмыс барысымен жан-жақты танысты. Қатысушыларға су тазарту нысандары, инженерлік желілердің жай-күйі және инфрақұрылымды басқару жүйесі көрсетілді. Мамандар су ресурстарын ұтымды пайдалану тетіктері, заманауи цифрлық шешімдер мен қашықтан бақылау мүмкіндіктері туралы мәлімет алды.
Тараптар экологиялық талаптарды сақтау, қызмет көрсету сапасын жақсарту және су шаруашылығы саласының тұрақты дамуына бағытталған әріптестікті күшейту жолдарын жан-жақты талқылады. Аталған пресс-тур екі кәсіпорын арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, су шаруашылығы саласында озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта мұндай маңызы бар кездесулер мен тәжірибе алмасулар өзге қалалардада жалғасын таппақ.
