2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасы Парламент сенатында үш сағат бойы талқыланды. Депутаттар алдына келген үкімет мүшелеріне көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-талаптарын да айтып қалды. Бектенов үкіметі алдағы бюджетте әлеуметтік салаға бөлінген шығыстарды қысқартыпты. Себебі,бұл сала қазынаға салмақ түсіріп отыр деді премьер-министр. Сенаттан әзірленген сюжетті ұыснамыз.
Сенаттың бейсенбідегі жалпы отырысына Бектенов үкіметі төрткөз түгел келді. Себебі, сенатта 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды. Отырыста депутаттар Үкіметтің бюджет шығыстарын оңтайландыру шаралары туралы мәселе көтерді.Премьер-министрдің айтуынша, алдағы үш жылға арналған бюджет қалыптастыру кезінде базалық шығыстардың үлесі 15%-дан 12%-ға дейін қысқартылды. Дегенмен, әлеуметтік сала қазынаға салмақ болып отыр. Бюджет шығысы 27,7 трлн теңгені құраса , соның 38 пайыздан астамы әлеуметтік саланы қамтиды.
-Әлеуметтік сала бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Әлеуметтік төлемдер мен әртүрлі қолдау шаралары мемлекеттік бюджеттің шамамен 60%-ын құрайды.Республикалық бюджетте бұл шығыстар ұзақ уақыт бойы 40%-дан жоғары болды. Үш жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде осы көрсеткішті 38%-ға дейін төмендете алдық, бірақ әлі де үлкен жұмыс бар.
Сондай-ақ, үкімет бюджет шығысын майшаммен қарап, әлеуметтік төлемдерді беру барысын реттемек. Яғни еңбекке жарамды адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетілмейтін болады. Мұны премьер-министр кесіп айтты.
-Бұл бағыттағы шараларды жалғастырамыз. Мемлекеттен әлеуметтік қолдауды тек объективті себептермен еңбек етуге мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана алады. Жұмыс істей алатын адам жұмыс істеуі тиіс. Оны мемлекет асырамайды және асырамайтын да болады.
Дегенмен сенаторлар мемлекеттің қолдауына мұқтаж жандарға берілетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды қымбатшылық жеп қоймай ма деп алаңдайды.
-6 трлн 833 млрд теңге бөлінеді екен. Оның 99,3 пайызы әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға бөлінеді. Ал келесі жылғы бюджетте төлемдер мен жәрдемақыларды 10 пайызға индекациялауды жоспарлап отырысздар. Ал инфляцияның болжамдары келесі жылы 9-10 дейсіздер, ал биыл 12 проценттен асты.
Ұлттық банк төрағасы болса осы жылы инфляция деңгейі 12 пайыздан асып, қымбатшылықтың орын алуына ішкі, сыртқы факторлар әсер етті деп баяндады.
-10 айда Қазақстан экономикасы 6,4 процентке өсті. Ең жоғары өсім көлік құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, сауда және өңдеуөнеркәсібі салаларында байқалады. Жылдық инфляция 12,6 процентті құрады, азық-түлік бағасы 13,5 процентке, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11 процентке, ақылы қызметтер 12,9 процентке өсті. Инфляцияның өсуі ішкі және сыртқы факторлардың қалыптасуынан орын алды.
Депутаттар өңірлердегі ең өзекті инфрақұрылымдық және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Үкімет резервінен қосымша қаржы бөлуді ұсынды. Қаражат жылу жүйелерін модернизациялауға, газ және электр желілерін жаңартуға, су тапшылығы мен төтенше жағдайлардың алдын алуға, денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге және қазақы ит тұқымдары бойынша ұлттық орталықты іске қосуға бағытталады.Отырыс барысында шенеуніктер келесі үш жылға арналған бюджеттің шығыстарын жабуда Ұлттық қорға қол сұқпаймыз деп ағынан жарылды. Сенат енгізген түзетулермен үш жылдық бюджет жобасы Мәжіліске кері қайтарылды.
