Су ресурстары және ирригация министрінің бұйрығымен Саиров Серік Бияхметұлы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазСШҒЗИ) бас директоры болып тағайындалды. Нұржан Нұржігітов жаңа басшыны ҚазСШҒЗИ ұжымына таныстырып, бұрынғы бас директордың саладағы еңбегін атап өтті.


Министр бүгінге дейін ҚазСШҒЗИ-дің бас директоры қызметін атқарып келген Балғабаев Нұрлан Нұрмаханұлын «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Тәжірибелі маман институтта қызметін аға ғылыми қызметкер ретінде жалғастырады.
Серік Саиров – құрлық гидрологиясы, гидрологиялық есептеулер және су ресурстарын бағалау саласындағы білікті маман.
Ол 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құрлық гидрологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2007 жылы құрлық гидрологиясы, су ресурстары және гидрохимия бағыты бойынша география ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.
2017 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің магистратурасын «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1994 жылы ҚР ҰҒА География институтының гляциология зертханасында I санатты инженер болып бастаған.
Әр жылдары С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде география кафедрасының оқытушысы, сондай-ақ «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы» РМК Шығыс Қазақстан филиалының директоры және бірінші директордың орынбасары қызметтерін атқарған.
2007 жылдан бастап «Қазгидромет» РМК құрылымында еңбек етті. Онда ол Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиал директоры, Алматы қаласы бойынша филиал директоры, Гидрология департаментінің директоры, Ғылыми-зерттеу орталығының директоры және кәсіпорын бас директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.
Серік Саиров – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым жанындағы тұрақты өкілінің гидрология жөніндегі кеңесшісі, Каспий теңізі бойынша гидрометеорология жөніндегі үйлестіру комитетінің қазақстандық өкілі, сондай-ақ Азия өңірлік қауымдастығының Орталық Азия субөңірі бойынша гидрология және су ресурстары мәселелері жөніндегі үйлестірушісі. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссияның сарапшылар тобының мүшесі, «Гидрометеорология және экология» журналы бас редакторының орынбасары және «Қазгидромет» РМК Ғылыми-техникалық кеңесінің төрағасы.
Ол – су тақырыбы бойынша 20-дан астам ғылыми жазбаның, соның ішінде монографиялардың авторы және бірлескен авторы. 2016 жылы ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
