Бесінші қазан ұстаздар күніне орай қаламызда білім беру саласының ардақты өкілдеріне арналған ерекше күн өтті. «Ұстаз ұлттың шамшырағы» атты тақырыппен өткізілген салтанатты шараның мақсаты, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, елдің ертеңін қалыптастыру жолында, аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға деген, шынайы құрметтің белгісі.
Ұстаз еңбегін бағалау, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және жас буынға ұстаз тұлғасын үлгі ету аясында ұйымдастырылған бұл шарада үздік деп танылған 20-ға жуық маман, арнайы төсбелгі және алғыс хаттармен марапатталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөзін сөйлеп, мұғалімдердің мерекесінде сала мамандарына шынайы күлкі сыйлады.
Салтанатты жиынға аудан әкімдері, басқарма басшылары мен ардагер ұстаздар, жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жетекшілері қатысты. Жалпы шараға екі мыңнан астам педагог жиналды. Мереке барысында білім саласында ерекше табысқа жеткен ұстаздарды, мемлекеттік білім беру жобаларын тәжірибеге енгізіп, инновациялық педагогикалық идеяларды насихаттаған, шәкірттерін түрлі олимпиадалар мен байқауларда жеңіске жеткізген үздік мамандарды ерекше құттықтады.
Салтанатты жиын соңында мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен әсем ән мен би, жүрекке жылы концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұл мереке – ұстаздық ұлылықты, еңбектің ерен үлгісін ұлықтаған күн. Өйткені ұстаз – ұлттың шамшырағы, ұрпақтың жолын жарық еткен тұлға.