Шымкент қаласы Еңбекші ауданының тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетілді. AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен 500-ден астам мүшесі бар “Еңбек” бастауыш партия ұйымының ұжымына көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – еңбек ұжымының ұсыныс-пікірлерін тыңдау және азаматтардың жеке мәселелеріне назар аударып шешімін табуға атсалысу болды.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі – Еңбекші ауданының тұрғыны Қалима Әсембаева.Ол мұндай шараға алғаш рет қатысып отыр. Тұрғынның көтерген мәселесі – өзі тұратын Пшеничных көшесінің атауына байланысты.“Көшеміздің атауын зерттеп көрдік. Бірақ бұл адамның кім екенін, қандай еңбегі сіңгенін, тіпті қай салада қызмет еткенін де таба алмадық. Атауы түсініксіз. Сондықтан, көше атауын ауыстыруды сұрап отырмын,” – дейді тұрғын.
Бұдан бөлек тұрғындар түнгі уақытта қаланың тыныштығын сақтау мәселесін көтеріп, “Таза Қазақстан” экологиялық акциясын қайта ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі туралы да шағымдар айтылып, олардың санын арттыру қажеттігі алға тартылды.Қоғамдық қабылдау барысында барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданатыны айтылды. Бұған дейінгі қабылдауда болған 18 тұрғының мәселесі шешімін тапқан.
Сондай-ақ, қабылдауға келе алмайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтініштері онлайн форматта қабылданды. Бұл – партияның әрбір азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, барынша қолжетімді болуға ұмтылатынын көрсетеді.Қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша барлық өтініс-хаттар хаттамаға тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.