Шымкентте төрт күнде 5 368 жол ережесін бұзу дерегі тіркелді
Шымкент қаласында 19 сәуірден бастап өткізіліп жатқан республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы төрт күнінде 5 368 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды.
Рейд барысында 161 көлік айыптұраққа қойылды. Оның ішінде 36 мопед пен скутер түрлі заңбұзушылықтар үшін арнайы тұраққа жеткізілді. Жүргізушілердің көбісі қорғаныс шлемін кимеген, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз немесе тиісті құжатсыз жүргені анықталды.
Сондай-ақ, көлік құралдарын рұқсатсыз қайта жабдықтаудың 190 дерегі тіркелді. Оның ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын 39 автобус жатын орынға бейімделіп, заң талабын бұзған.
Бұдан бөлек:
• жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген – 1 көлік,
• мас күйде көлік басқарған – 10 жүргізуші,
• жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан рөлге отырған – 2,
• қарсы бағытқа шыққан – 7,
• апатты жағдай туындатқан – 20,
• заңсыз жолаушы тасымалдаған – 3 жүргізуші жауапқа тартылды.
Жол апатының алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметі күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Іс-шараға күн сайын патрульдік полиция полкінің 371 қызметкері 121 арнайы автопатрульмен жұмылдырылған.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, көктемгі маусымда қозғалысқа шыққан мопед пен скутерлер қала жолдарындағы қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіріп отыр. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырып, рейдтік іс-шаралар мамыр айының 19-на дейін жалғасатынын хабарлады.