38.3 C
Shymkent
23 июля, 2025
aspan

АШЫҚ ҚАЛҒАН НӘЖІС ҚҰДЫҒЫ 6 ЖАСАР БАЛАНЫҢ ӨМІРІН ЖАЛМАДЫ

Шымкент қаласында тағы да қайғылы жағдай. 6 жасар бала ашық жатқан нәжіс шұңқырына құлап, қайтыс болды. Куәгерлердің айтуынша, шұңқыр бірнеше жылдан бері ашық күйде тұрған. Қайғылы оқиғаға жергілікті биліктің бейғамдығы себеп болды деп, баласынан айырылған отбасы ашынып отыр.

 Анықталғандай, бұл жерге бала алғаш түсіп  отырған жоқ. Бұған дейін де дәл осы құдыққа тағы екі бала құлап кеткені белгілі болған. Соған қарамастан, тиісті мекемелер ешқандай нақты шара қабылдамаған.Марқұм баланың әжесі шұңқырдың біржолата жабылып, мұндай жағдайдың қайталанбауын қалайды. «Құдай сақтап, екеуі аман қалған еді. Енді біздің немеремізден айырылдық. Бұл жерді толықтай жауып, қоршау керек. Әйтпесе мұндай қасірет тоқтамайды», – дейді ол.

Оқиға орнында қауіпсіздікке жауапты белгілер де, қоршау да жоқ. Тұрғындардың айтуынша, шұңқыр жылдар бойы ашық тұрғанымен, оны жаппақ түгілі, тексеруге келген ешкім болмаған. Қауіп-қатерге толы құдықтың айналасындағы тұрғындар да үрей құшағында өмір сүруде. «Ертең тағы бір бала түсіп кетсе ше? Әкімдік шұғыл шара қабылдамаса, мұндай оқиға қайталануы мүмкін», – дейді олар.

Халықтың айқай-шуынан кейін оқиға орнына әкімдік өкілдері де келді. Алайда нақты шешім де, мардымды жауап та айтылмады. Атқамінерлер мәселеге мердігер мекеменің кінәлі екенін айтумен ғана шектелді. Ал, шұңқырдың беті тек бір аптадан кейін ғана жабылатын көрінеді.

Полиция бұл жайт бойынша қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Ал, қара жамылған отбасы кінәлілер тиісті жазасын алсын деп отыр.

 

 

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ  ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

Телеарна ХанТВ

ҮКІМЕТ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ

Телеарна ХанТВ

АЭС-ТІҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Телеарна ХанТВ