Түркістан облысында статистикалық есеп пен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасын сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ветеринариялық іс-шаралар жүргізу барысында анықталған бірдейленбеген 14 мыңнан астам мал басы бойынша дерекқор базаға енгізіліп, есепке алынды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровке ветеринария саласының цифрландырылуы және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру шаралары, саланың өзекті мәселелері баяндалды.
Облыста жұмыс тобы құрылып, олар аудан, қалаларда ауыл шаруашылығы кешенін, жер, ветеринария, ауыл шаруашығы субсидиясы және шаруашылық жүргізуші азаматтардың салық төлеуге қатысты мәліметтерін 4 бағыт бойынша зерделеген болатын. Нәтижесінде салықтан жалтару, мал басын дұрыс көрсетпеу, жерді тиімді пайдаланбау деректері жиі тіркелген. Мал басы бойынша ресми статистика мен зерделеу барысында үлкен айырмашылықтар байқалған. Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбайдың мәлімдеуінше, ҚР Үкіметі тарапынан ветеринария жүйесін реформалау жүргізілуде. Қазіргі кезде ветеринария саласы бойынша 5 база бойынша цифрлық форматта жұмыс жасалады. Түркістан облысының әкімі жауапты басшыларға ветеринария, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдерді тарқату жөнінде нақты тапсырмалар берді. Пилоттық жобанының тиімділігін егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.