Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы қылмыстардың және жол-көлік оқиғаларының деңгейі туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары мен Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары баяндама жасады. Кеден саласындағы құқық бұзушылықтар мен өзекті мәселелер туралы Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаменті, кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Мәліков, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Диас Сүлейменовтің есебі тыңдалса, пробация қызметі есебіндегілермен қайта қылмыстың алдын-алу шараларының тиімділігі мен оларға құқықтық әлеуметтік көмек көрсету туралы Түркістан облысы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының басшысы, Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы баяндама жасады. Сонымен бірге теміржол саласындағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік жағдайы да талқыланды. Бұл туралы Түркістан станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығының ұсыныстары қаралды. Облыс әкімі аталған мәселелерді бақылауда ұстап, тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды. Сонымен қатар кеден бекеттерінде адамдар мен көліктердің ретсіз жиналуының алдын алу, импортталатын тауарларды декларациялау жұмыстарын қатаң бақылау, халықаралық жүк айналымы көлемін арттыру бойынша ұсыныстар енгізу, кеден бекеттері мен өткізу пункттеріндегі жолаушылар мен жүктердің қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету мәселелері де айтылып, тиісті тапсырмалар берілді. Айта кетейік, 2024 жылы Түркістан облысында қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны 3,5%-ға (5 453-тен 5 262-ге дейін) азайған. Аймақта қауіпсіздікті сақтау, елді мекендерді дамыту, азаматтардың құқығын қорғау, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасады.