Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту мәселелері әкімдікте сараланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан-қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды.
Мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында 5 жыл көлемінде аудан, қалаларда 15 млн астам ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді көгалдандыруға 1,1 млн көшет егу жоспарланған. Аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін, аймақтық жоспарды көлемді орындау мақсатында 4 миллионға жуық көшет егу жоспарланғанын айтты.
Өңір басшысы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құру жоспарланған болатын. Бұл тапсырманың маңызы зор. Облыста елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын жандандыру керек. Ағаш отырғызуда кемшіліктер көп. Тіпті егілген ағаштардың сапасын қадағалау қажет екенін баса айтты.
Жалпы өңірде жалпы көлемі 343,5 гектарды құрайтын 24 орман тұқымбағы бар. Оның ішінде тұрақты 14 орман тұқымбағы және уақытша 10 орман тұқымбағында 34 млн көшет өсірілуде. 2027 жылға дейін питомниктердің сапасы мен санын ұлғайту арқылы 60 миллионға жеткізу көзделуде екенін айтты. Бүгінгі таңда тұқымбақтардың суғару жүйелерін толық іске қосу, минералды тыңайтқыштар қолдану, көшет түрлерін қосымша енгізу, жаңартылу үстінде.