Түркістан облысында халықтың әл-ауқатын көтеру, жұмыспен қамту шараларын күшейту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Бұл мәселе өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауына алынған. Облыс тұрғындарын сапалы жұмыс орындарымен қамту мақсатында 2025 жылғы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Аталған саладағы жұмыстар облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өтетін мәжілісте кеңінен талқыланды. 2024 жылы халықты жұмыспен қамту саласындағы атқарылған жұмыстар және биылғы міндеттер, жоспарлар сараланып, тиісті индикаторлар межеленді.
Мәжілісте Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мен «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің директоры Абзал Казанкаповтың есептері тыңдалды.
Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау мақсатында барлық аудан, қалалардағы ірі өндіріс орындарында 38 ашық есік күндерін өткізу жоспарланып отыр. Ашық есік күндері, қысқа мерзімдік кәсіптік оқыту, жұмысшы мамандық иелерін Солтүстік өңірлерге қоныс аудару шаралар атқарылады. 84 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспары бекітілді.Алқалы жиында кедейшілік деңгейін төмендету, субсидияланған жұмыспен қамтылған тұрғындардың шынайы жұмысқа баруын қамтамасыз ету, жұмыс берушілер тарапынан заңсыздықтарға жол берілмеуін қадағалау, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге лайықты құрмет көрсету және өзге де мәселелер талқыланып, тиісті міндеттер жүктелді. Айта кетейік, биыл облыста Ұлттық жобалар аясында 4074 адамды еңбекпен қамту, бос жұмыс орындарына 57 221 адамды жолдау, субсидияланатын уақытша жұмыс орындары арқылы 45 086 азаматты жұмыспен қамту жоспарланды. 1793 азаматты жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант қаражатымен қамту межеленді. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасы негізінде 22 595 жұмыс орындарын ашу міндеті айқындалған.