Түркістан облысында ортақ жайылым жерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жайылым жерді қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Жиын барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, аймақтағы барлық жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Өңір бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жер телімдерін қайтару бойынша аймақ басшысының өкімімен ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітілген.
Мемлекет басшысы ортақ жайылымдарды ел игілігіне қайтару міндетін жүктегені белгілі. Сондай-ақ аймақ басшысы, Аудан, қала әкімдері жауапты басқарма мен департаментпен бірігіп, осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерді қайтару ісі жүйелі түрде жүргізіліп, космомониторинг нәтижелерін де назарға алып, сараптаған жөн екенін алға тартты.
Айта кетейік, өңірде 2023 жылдың басында жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құраған болатын. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жайылым тапшылығы төмендеп, 2024 жылы 608 мың гектарды құрады