Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мақта алқаптары мен мақта зауыттарында, мақта қабылдау пунктерінде болып, шаруалармен тілдесті.
Негізгі табысын агросектордан алатын ауданда өнім көлемі мен сапасын арттыру мақсатында тік дренаждарды іске қосу, елді мекендердегі жерасты суын төмендете отырып көгалдандыру, абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Сонымен қатар, мақта жинау науқанына байланысты ауданда жұмыс істеп тұрған 7 мақта өңдеу зауыттарының 77 мақта қабылдау бекеттері бар. Оның 53-і аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі болса, 24-і Мақтарал ауданы аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі. Бүгінде аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның тікелей араласуымен мақта өңдеуші зауыттар мен шаруалар арасындағы қаржылық операцияларды жүргізудің заңдылығын сақтау мақсатында арнайы келісім-шарт үлгісі жасалып, барлық зауыттарға таратылған.
Шаруалармен кездесу барысында күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта терім науқанын сапалы ұйымдастыру, күзгі жиын-терімге берілетін мемлекеттік қолдауларды өз уақытында көрсету, мақта бағасы мен басқа да мәселелерге тоқталған облыс әкімінің орынбасары мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол бермеу керектігін ескертті.