aspan Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Түркістан

ТҮРКІСТАНДА ЖАЗУШЫ ӘДІЛ ЯКУБОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ КЕШ ӨТТІ

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында көрнекті жазушы Әділ Якубовтың 100 жылдық мерейтойына орай «Ғасырлық ғұмыр – мәңгілік мұра» атты әдеби кеш өтті.

Кештің ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, қаламгер шығармашылығының рухани маңызына тоқталды. Сондай-ақ әдеби мұраның қазақ пен өзбек халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін атап өтті.
– Әдебиет – ұлттың рухани келбетін танытатын, тарихи жадын жаңғыртатын, қоғамның дүниетанымы мен адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыратын құдіретті күш. Осы тұрғыдан алғанда, Әділ Якубовтың шығармашылық мұрасы – терең тағылым мен тарихи танымның, адамгершілік пен азаматтық ұстанымның жарқын үлгісі. Жазушының «Ұлықбек қазынасы», «Көне дүние», «Диёнат» секілді шығармаларында тарихи тұлғалардың тағдыры, ғылым мен білімнің құндылығы, әділет пен ар-ождан мәселелері кеңінен көрініс тапқан. Біздің өңір үшін Әділ Якубовтың шығармашылық мұрасының орны айрықша. Түркістан топырағында дүниеге келген қаламгердің мұрасын насихаттау – тек әдеби шара ғана емес, ортақ рухани құндылықтарымызды жаңғырту, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы маңызды шара. Бүгінгі шараға Өзбекстаннан арнайы келген зиялы қауым өкілдеріне шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің осы шараға қатысуларыңыз жазушыға және оның еңбегіне деген аса зор құрмет деп білеміз, – деді Ертай Алтаев.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған әдеби кешке Қазақстан мен Өзбекстанның белгілі қаламгерлері, ғалымдары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, оның әдеби мұрасы мен шығармаларының маңызы туралы ой-пікірлер ортаға салынды.
Әдеби кешті Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Құлбек Ергөбек жүргізді.
Іс-шарада Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Кинематография агенттігі директорының орынбасары Шухрат Ризаев, жазушы әрі журналист Әбдірахым Пратов, белгілі өзбек жазушысы, публицист, Өзбекстан Республикасына еңбек сіңірген журналист және «Меҳнат шуҳрати» орденінің иегері Пратов Әбдірахым, Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Ашурали Жўраев, Қазақстандағы Өзбектер достығы қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халық кеңесінің төрағасы Исматтула Абдуллаев және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, қаламгердің шығармашылық жолы мен әдеби мұрасының маңызына тоқталды.
Кездесу барысында Әділ Якубовтың шығармалары екі халықтың әдеби-мәдени байланысын нығайтуға, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келе жатқаны атап өтілді.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНЕ 25 ЖЫЛ!

Телеарна ХанТВ

БЕРІК УӘЛИ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДА САЛЫНЫП ЖАТҚАН ЖАҢА ЗАУЫТТА БОЛДЫ

Телеарна ХанТВ

АНА ТІЛІ ЖӘНЕ ОТБАСЫ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ