aspan Ақпарат Бизнес Еңбек адамы Жаңалықтар Қоғам Саясат Саясат Түркістан Экономика

БИЫЛ БӘЙДІБЕКТЕ ЗАМАНАУИ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында Бөген ауылдық округінде салынып жатқан «J&B AGRO GROUP 2025» ЖШС-нің мақта өңдеу кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Зауыт жыл соңына дейін тапсырылады.

Жобаға 2,4 млрд теңге инвестиция бағытталған. Кәсіпорынның құрылысы үшін 20 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасынан жеткізілген өндірістік жабдықтарды құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа кешен іске қосылған соң жылына 45-50 мың тонна мақта өңдеуге қауқарлы болады. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 63 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдегі мақта шаруашылығының дамуына да серпін бермек.
Серіктестік алдағы уақытта мақта өңдеу кешенімен қатар тамшылатып суару жүйелерін, мақта майын және пленка өндіретін зауыттар салуды жоспарлап отыр. Жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрайтын бұл жобаларды 2025-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген.
Облыс әкімі өндіріс орындарын дамытуда жергілікті шикізатты тиімді пайдалану, өнімді терең өңдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды екенін атап өтті. Жауаптыларға инвестициялық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асыруды тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға бағытталған мақта-тоқыма кластері кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоба аясында мақта өсіруден бастап оны терең өңдеу, жіп иіру, мата тоқу және дайын тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастыру көзделген. Кластер арқылы 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жоспарланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңызын атап өтіп, Түркістан облысында суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластері құрылып жатқанын айтты. Президент атап өткен жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын ел ішінде қалыптастыруға бағытталған.
Кластерді қалыптастыру бірнеше кезеңмен жүргізілуде. 2024-2025 жылдары ПВХ құбырларын өндіру зауыты, жіп иіру фабрикасы, мақта өңдеу кәсіпорындары және тамшылатып суаруға арналған таспа өндіретін өндіріс орны бойынша жобалар іске асырылған. Жуырда мақта өңдеу саласында тағы 2 зауыт ашылды. 2026 жылдың соңына дейін төрт өндірістік нысанды іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында тігін фабрикасы, тоқыма фабрикасы, бояу-әрлеу өндірісі және мақта тұқымын өңдеу кәсіпорны бар.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

«ҮЗДІК БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ»

Телеарна ХанТВ

СУ ЖАҢА 20 ЗАМАНАУИ ЖОЛАУШЫЛАР АВТОБУСЫ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Телеарна ХанТВ

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ЕҚЫҰ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСІП, ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУ ЖОЛДАРЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Han TV