«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жалпыаудандық асар ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен қолға алынған шараның мақсаты – елді мекендерді тазарту, аумақтарды абаттандыру және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру.
Бұған дейін, 1 қазанда жауған нөсер салдарынан ауданның бірқатар ауылында су басу жағдайлары болған. Осыған байланысты асар барысында арық-атыздарды тазарту, көшелерді ретке келтіру, ағаштарды күтіп-баптау және елді мекендерді көркейту жұмыстарына басымдық берілді. Игі шараға екі мыңға жуық тұрғын мен жас қатысты. Тазалық және абаттандыру жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды. Ауданның түрлі мекемелері мен басқармаларының қызметкерлері де ортақ іске атсалысты. Көгалдандыру аясында мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар ауыл ішіндегі арықтар тазартылып, өзге де абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар бір реттік акциямен шектелмейді. Алдағы уақытта да аудан аумақтарында тазалық пен көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Негізгі мақсат – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Асар – халқымыздың ежелден келе жатқан ынтымақ пен бірлікті, өзара көмек пен бауырмалдықты дәріптейтін дәстүрі. Бүгінде бұл игі дәстүр елді мекендерді көркейту, табиғатты қорғау және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру арқылы жалғасын тауып отыр. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бастамалар өңірдің тазалығын сақтап, елді мекендердің көркін арттыруға бағытталған.
