Қазақстанда өзге адамның фотосуретін оның келісімінсіз әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылды. Тиісті нормалар «Онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасында қарастырылған. Құжат Құрылтайдың бірінші оқылымында қаралуда.
Заң жобасы аясында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгеріс енгізу көзделген. Жаңа талаптар онлайн-платформа пайдаланушыларына ғана емес, платформалардың иелері мен өкілдіктеріне де қатысты болмақ.
Рұқсатсыз фото жариялағандарға қандай айыппұл салынады?
Заң жобасына сәйкес, адамның фотосуретін оның келісімінсіз жариялаған жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу ұсынылып отыр. 2026 жылғы есеп бойынша бұл – 129 750 теңге.
Ал заңды тұлғалар үшін айыппұл көлемі 60-тан 200 АЕК-ке дейін белгіленуі мүмкін. Бұл 259 500 теңгеден 865 000 теңгеге дейінгі соманы құрайды.
Бұдан бөлек, 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді пайдаланушылар туралы мәліметтерді ұсыну міндетін орындамағаны үшін де жауапкершілік қарастырылған.
Атап айтқанда:
- Алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту жасау немесе 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салу ұсынылады.
- Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 40 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Онлайн-платформа иелеріне де талап күшейеді
Заң жобасында онлайн-платформалардың иелері мен өкілдіктеріне қатысты жеке жауапкершілік нормалары да қамтылған.
Атап айтқанда, уәкілетті органның заңға қайшы контентті немесе балаларға қатысты кибербуллинг белгілері бар ақпаратты жою туралы нұсқамасын орындамаған жағдайда айыппұл салу ұсынылады.
Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай белгіленбек:
- Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін – 50 АЕК (216 250 теңге).
- Орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК (432 500 теңге).
- Ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 200 АЕК (865 000 теңге).
Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге артады. Яғни шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделген.
Заң қашан күшіне енуі мүмкін?
Қазіргі уақытта заң жобасы Құрылтайдың қарауында және әлі түпкілікті қабылданған жоқ. Егер құжат мақұлданып, ресми түрде жарияланса, заң алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік желілерде жала жапқаны үшін айыппұл салу және әкімшілік қамаққа алу шараларын енгізу ұсынылған болатын.
