aspan WEBСӘТ Ақпарат Жаңалықтар Қоғам Шымкент

Шымкентте сегіз мемлекеттің құтқару қызметтері басшылары халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Шымкент қаласында Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің XXXVIII отырысы өтті. Сегіз мемлекеттің төтенше жағдайларға жауапты ведомстволарының басшылары халықаралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және ірі төтенше жағдайлар кезінде бірлесіп әрекет ету мәселелерін талқылау үшін бас қосты. Қазақстан соңғы 11 жылда алғаш рет осы халықаралық іс-шараны қабылдап отыр.

Жиынға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің өкілдері мен ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қатысуда. Отырысқа Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов төрағалық етуде.

Шымкентке Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Арменияның төтенше жағдайлар саласына жауапты ведомстволарының басшылары мен орынбасарлары келді. Олардың қатарында Александр Куренков, Вадим Синявский, Азизбек Икрамов, Рафаил Мирзоев, Искендер Сулайманов, Раджабали Рахмонали және Арам Казарян бар. ТМД Атқарушы комитетінің атынан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық департаментінің директоры Евгений Клемезь қатысуда.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – ауқымды төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттердің өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру. Қатысушылар жедел ақпарат алмасу, өзара хабарлау жүйесін дамыту, құтқару бөлімшелерінің әрекеттерін үйлестіру, сондай-ақ мамандарды даярлау және озық тәжірибені енгізу мәселелерін қарастыруда.

Қазақстанның маңызды бастамаларының бірі – климаттық және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болжау жөніндегі Өңірлік орталық құру туралы ұсыныс. Бұл орталық мемлекеттердің ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу, төтенше жағдайларды болжау және жедел қызметтердің дайындық деңгейін арттыру бағытындағы ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сонымен қатар жиынға қатысушылар ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, құтқарушылардың кәсіби даярлығын жетілдіру және өрт-құтқару спорты бойынша халықаралық жарыстар өткізу мәселелерін де талқылауда.

Ресми бөлім басталғанға дейін шетелдік делегация мүшелеріне арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасы, арнайы көліктер мен төтенше жағдайларды жою кезінде қазақстандық құтқарушылар пайдаланатын озық жабдықтар таныстырылды.

Көрменің жеке бөлімі отандық өндірушілердің өнімдеріне арналды. Олар еліміздің құтқару бөлімшелерін қажетті техникамен және арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіп келеді.

Шымкентте өткен халықаралық отырыс ТМД елдерінің төтенше жағдайлар саласындағы ведомствоаралық байланыстарын нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Кездесу аясында әзірленетін бірлескен ұсыныстар мен бастамалар табиғи және техногендік қауіп-қатерлерге дайындықты арттыруға, сондай-ақ төтенше жағдайларға ден қою жүйесін жетілдіруге бағытталған.

ҚАТЫСТЫ ПОСТТАР

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы әкімі әуежай қызметкерін құтқарған азаматты марапаттады

Телеарна ХанТВ

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРЕДІ

admin

Құрылыс материалдарын сатушы алматылықтарды ондаған миллионнан алдап кеткен

admin