Шымкент қаласы әкімдігінде дәстүрлі азаматтарды қабылдау өтті. Кездесу барысында тұрғындар қала басшысына өздерін толғандырған бірқатар мәселелер бойынша жүгінді.
Қабылдауда баспана және жер қатынастары, кәсіпкерлікті қолдау, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ қаланы абаттандыру бағытындағы түйткілдер көтерілді. Сонымен бірге, мегаполисті одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстар мен бастамалар айтылды. Олардың бірқатары алдағы жұмыс жоспарына енгізу үшін жан-жақты қаралатын болады. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен заманауи емхана салуға жер телімін бөлу мәселесі қозғалды.
Жалпы бір күн ішінде қала әкімі, оның орынбасарлары, аудан әкімдері және басқарма басшылары 150-ден астам азаматты қабылдады. Әрбір өтініш бойынша тиісті түсіндірмелер мен нақты жауаптар берілді.
Қала басшысы жауапты тұлғаларға тұрғындардың өтініштеріне жедел әрі нақты әрекет етуді, кері байланысты күшейтуді тапсырды. Негізгі міндет – тек түсіндірумен шектелмей, нақты нәтижеге қол жеткізу және атқарылған жұмыстардың барысы туралы өтініш иелерін хабардар ету.
