Бүгін Шымкент қаласында қалалық прокуратураның бастамасымен Полиция департаменті және Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп жерасты және көпдеңгейлі автотұрақтарда профилактикалық іс-шара өткізді.
Шара Сейітжан Қари мешітінің аумағында ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қала тұрғындарының қауіпсіздік мәдениетін арттыру.
Рейд барысында мамандар автотұрақтардың жағдайын тексеріп, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді, автокөліктерді пайдалану ережелерін, соның ішінде газбаллонды жабдықпен жабдықталған көліктерге қойылатын талаптарды баяндады. Сонымен қатар азаматтармен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, қауіпсіздік талаптары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.
Рейд қорытындысы бойынша бір азаматқа ескерту түрінде шара қолданылды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері автотұрақтардағы қауіпсіздік талаптарын сақтау әрбір тұрғынның жауапкершілігінде екенін ерекше атап өтті. Прокуратура, полиция және Төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен әрекеттері апаттық жағдайларды алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
Осыған ұқсас іс-шаралар қаладағы автотұрақтардағы қауіпсіздікті арттыру және автокөлік иелерінің жауапкершілігін күшейту мақсатында тұрақты түрде өткізіледі.
