«Жамбыл мұрасы – мәңгілік қазына» тақырыбындағы интеллектуалдық сайысқа 9–11 сынып оқушылары қатысуда.Турнирге 100-ден астам мектеп оқушысы тартылған. Дебат ойындары үш тілде ұйымдастырылған.
Орыс лигасында 12 мектептің командалары, қазақ лигасында 40 мектептің командалары, ал ағылшын лигасында қаланың 20-дан астам мектебі бақ сынауда.
Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, сыни ойлау қабілеттерін, өз ұстанымын дәлелді қорғау және командамен жұмыс істеу дағдыларын көрсетуде. Кездесулер қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, олар Шымкент қаласының атынан республикалық кезеңге қатысатын болады.
«Пікірсайыс — заман ағымындағы ең маңызды құралдардың бірі. Ол қандай құрал? Ол оқушылардың интеллектуалдық дағдыларын дамытатын, үлкен өмірге бейімдейтін, алған білімін өмірде қолдануға үйрететін құрал ретінде қарастыруға болады. Пікірсайыс Қазақстанда 1996 жылдан бастап өткізіліп келеді. Соңғы онжылдықта ол мектеп оқушылары арасында қарқынды дамып келеді», — деді №1 «Талант» жалпы білім беретін мектептің директоры Рахат Арғынбай.
Іс-шараны Шымкент қаласының білім басқармасы ұйымдастыруда. Турнир №1 «Талант» мектебінің базасында өтіп, белсенді, мақсатшыл әрі білімді жоғары сынып оқушыларын біріктіріп отыр.
Мұндай іс-шараларды өткізу жастар арасында көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін дамытуға, азаматтық көзқарасты қалыптастыруға және оқушылардың зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
