Бүгінгі таңда қоғамда жұмысшы мамандықтардың маңызы артып келеді. Осыған орай, Ж. Сүлейменов атындағы №70 мектепте 5-7 сынып оқушылары арасында «Өңірімізге қажетті жұмысшы мамандықтар» атты сайыс өткізілді. Іс-шараның мақсаты — оқушыларға түрлі мамандықтар жайлы мағлұмат беру, еңбекке баулу және болашақ кәсібін таңдауға бағыт беру.
Сайыс бірнеше бөлімнен тұрды. Алғашқы «Мамандықты тап!» бөлімінде оқушылар сипаттама арқылы түрлі мамандықтарды тауып, өз білімдерін көрсетті.

Ал «Мен — болашақ маманмын» рөлдік ойын бөлімі қатысушылардың шығармашылық қабілетін ашты. Олар шаштараз, аспаз, дәнекерлеуші секілді мамандардың рөлін сахналық көрініс арқылы сомдады.
«Мамандық – менің таңдауым» атты шығармашылық бөлімде оқушылар постер, сурет, коллаж арқылы таңдаған мамандықтарын жарнамалап, креативті ойларын ортаға салды. Әр топ өз өнерімен ерекшеленіп, мамандықтың қоғамдағы маңызын аша білді.
Іс-шара соңында белсенді қатысушылар марапатталып, оқушылар жұмысшы мамандықтардың беделі мен сұранысы жоғары екенін түсінді. Мұндай шаралар жас ұрпақты еңбекке баулып қана қоймай, болашаққа саналы қадам жасауына жол ашады.
Кәсіптік бағдар беру педагогы: Азия Бейсенова
