
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге Қарағанды қаласындағы Рабочий кентінде профилактикалық рейд өткізді. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салып, түтін мұржаларын дер кезінде тазалау және пеш жабдықтарын пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ 30 жеке үйге улы газдан қорғайтын датчиктер орнатылды, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Акцияның басты мақсаты – тұрғын үй секторында өрт шығу қаупін азайту, төтенше жағдайлардың алдын алу және адам өлімін болдырмау.
Департаменттің мәліметінше, жылыту маусымы басталғалы бері облыс аумағында 130-дан астам рейд жүргізіліп, 15 800 үй қамтылған. Нәтижесінде 3 200-ден астам көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғы орнатылған.
Жылыту маусымындағы жеке тұрғын үйлер үшін өрт қауіпсіздігі ережелері:
— тек жарамды пештер мен электр жабдықтарын пайдаланыңыз;
— пешті шамадан тыс қыздырмаңыз және электр желілерін артық жүктемеңіз;
— түтін мұржаларын уақытылы күйеден тазартыңыз;
— пеш пен электр құрылғыларын үнемі тексеріп отырыңыз;
— пешті жағуды балаларға тапсырмаңыз;
— от жағу үшін тез тұтанғыш сұйықтықтарды қолданбаңыз.
Фото: Қарағанды облысының ТЖД
