Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында алғаш рет еліміздің барлық өңірлерінен келген аудандық соттардың төрағаларына арналған қайта даярлау курстары өткізілді.
Оқыту барысында спикерлер ретінде Жоғарғы Сот судьялары, Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, кассациялық және облыстық соттардың судьялары, Сот төрелігі академиясы мен республиканың жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылары, Сот әкімшілігінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар тартылды.

Курс бағдарламасы аудандық сот төрағаларының кәсіби және тұлғалық құзыреттерін арттыруға, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, этикалық және моральдық қағидаттарды нығайтуға бағытталды.
Ерекше назар кәсіби шеберлікті біліктілік талаптарына сәйкес жетілдіру мәселелеріне, ұлттық заңнамадағы, халықаралық құқықтағы және сот тәжірибесіндегі жаңашылдықтарды зерделеуге аударылды.
Дәрістер барысында тыңдаушылар қолданыстағы заңнаманың нормаларын бірыңғай түсіндіру және қолдану саласындағы білімдерін жүйелеп, соның ішінде халықаралық құқықтың ерекшеліктерін ескере отырып тереңдетті.
Бағдарлама соңында Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Д.М. Малахов ұйымдастырылған курстардың барлық спикерлеріне және оқуға белсенді қатысып, қызығушылық танытқан аудандық соттардың төрағаларына алғысын білдірді.

Қайта даярлау курстары жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырылып, судьялар қауымдастығы тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Курс тыңдаушылары ұйымдастырушылар мен дәріскерлерге оқытудың сапалы дайындалуы мен өткізілуі үшін ризашылықтарын білдіріп, бағдарламаның мазмұндылығы мен алынған білімнің тәжірибелік маңыздылығын атап өтті.
